Үкімет отырысында көлік министрі Марат Қарабаев ақылы жолдардан түсетін табыстың айтарлықтай өскені туралы баяндады. 2024 жылы түсім сомасы 48 млрд теңгеге жетті. Биыл қосымша 4 мың шақырым ақылы учаскені іске қосу жоспарлануда, бұл кірісті 60 млрд теңгеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Келесі жылы бұл көрсеткіш 100 млрд теңгеге дейін өсуі мүмкін.
«Бұл ретте, осы ақылы жолдардан түскен қаражаттың бір бөлігін құрылыс жұмыстарына алынған қарыздардың пайыздық мөлшерлемелерді өтеуге жұмсау мәселесі қарастырылуда», — деп атап өтті министр.
Бюджетке түсетін жүктемені азайту әрі өзін-өзі ақтау мақсатында реконструкциялау және жөндеу жұмыстары аяқталған учаскелерде «ақылы жол» мәртебесін кезең-кезеңімен енгізу жалғасуда. Қазіргі уақытта бүкіл еліміз бойынша ұзындығы 3,2 мың шақырым ақылы жол жүйесі жұмыс істейді.
Сонымен қатар министр жол бойындағы қызмет көрсету нысандарының дамуын атап өтті. Бүгінде елімізде 1 446 жол бойы сервистік объектілері жұмыс істейді, оның 90%-ы ұлттық стандарт талаптарына сәйкес келеді. 2025 жылы бұл көрсеткішті 100%-ға дейін жеткізу, сондай-ақ 400-ден астам заманауи қызмет көрсету нысандарын салу үшін ірі инвесторларды тарту жоспарлануда.
«2029 жылға дейін 60 бірлік кешенді объектілердің құрылысы жоспарланған, оның ішінде 10 бірлігі осы жылы жүзеге асырылады. Инвестиция көлемі 120 млрд теңге. Оларда жатын орын, TIR тұрағы және жанармай бекеттері қарастырылған. Жол бойы сервистік объектілерін дамытудың негізінде елімізде бірінші рет отандық қонақүйлер желісі және олардың франшизасы қалыптасатын болады. Бұл жол бойы объектілерінің тасымал процессімен қатар, автотуризмнің де дамуына септігін тигізеді», — деп атап өтті Марат Қарабаев.
Сонымен қатар 2025 жылы жаңа магистралдар құрылысы мен 13 мың шақырым жол жөндеу жұмысы басталады. Марат Қарабаев Үкімет отырысында 2025 жылы жөндеу жұмысы 13 мың шақырым жолды қамтитыны жоспарланғанын айтты. Оның 9,5 мың шақырымы қажетті қаржымен қамтамасыз етілген, қалған шақырымын қаржыландыру мәселесі пысықталуда. Жаңа жобалар бойынша құрылыс маусымы басталғанға дейін мердігерлерді анықтау үшін конкурстық рәсімдер өткізіледі. 2025 жылдың қорытындысы бойынша республикалық жолдардың нормативтік жағдайы 94%-ды, ал жергілікті жолдарда – 91%-ды құрайды.
Өткен жылдары басталған ұзындығы 1,08 мың шақырым жобалардың: Қалбатау – Майқапшағай (405 км), Күрті – Қонаев (67 км), Қызылорда – Жезқазған (398 км) және Ұзынағаш – Отар (42 км) құрылысы жалғасуда. Сондай-ақ жалпы ұзындығы 1 045 шақырым бірінші техникалық санаттағы жаңа магистралдардың құрылысы басталады.
Министр мердігерлерді таңдау кезінде отандық компанияларға немесе шетелдік әріптестердің қатысуымен консорциумға артықшылық берілетінін, бұл қазақстандық құрылыс секторының одан әрі тұрақты дамуына ықпал ететінін атап өтті.
Бұдан басқа 2029 жылға дейін 3 мың шақырым жолды бірінші және екінші санаттарға ауыстыра отырып, реконструкциялау жоспарланып отыр. Бұл аталған сала мен ел экономикасының дамуына жаңа серпін береді.
Ағымдағы жөндеумен 6,6 мың шақырым қамтылады. Басты мақсат – халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін өңіраралық және аудандық жолдарды қосу. Биыл Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Абай облыстарында ауқымды жұмыстар жоспарланған.
Жөндеу жүргізілмегеніне 30 жылдан 50 жылға дейін болған жолдар, Петропавл – Жезқазған (703 км), Қандыағаш – Шалқар (246 км), Жаңаөзен – Түрікменстан шекарасы (156 км), Қарағанды – Аягөз – Боғас (452 км) толық жөндеуден өтеді.