24 қыркүйекте Мәжіліс екінші оқылымда «Жасанды интеллект туралы» заңды мақұлдады. Бұл құжат елімізде алғаш рет «жасанды интеллект», «модель», «деректер кітапханасы», «синтетикалық нәтиже» секілді негізгі ұғымдарды заңды түрде бекітті.
Негізгі бағыттар
Заңда ЖИ жүйелерін құқықтық және ұйымдастырушылық тұрғыда реттеу, ашықтық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордағы қолдану ережелері қарастырылған. Сонымен қатар Үкіметтің осы саладағы саясат жүргізу құзыреті кеңейтіледі.
Мәжіліс баспасөз қызметінің түсіндіруінше, бұл заң Қазақстанда қауіпсіз әрі тұрақты ЖИ экожүйесін құруға алғашқы қадам болмақ.
Қауіпсіздік және тәуекелдер
ЖИ жүйелері тәуекел деңгейіне қарай — минималдыдан жоғарыға дейін жіктеледі. Жоғары тәуекелді жүйелер (мысалы, киберқауіпсіздікке қатысты немесе стратегиялық инфрақұрылымдағы жүйелер) ерекше бақылауда болады.
Сонымен қатар автономдылық деңгейіне қарай да бөлінеді. Өздігінен жүретін көлік сияқты толық автономды жүйелер тек заңнамалық актілер арқылы реттелмек.
Тыйым салынатын қолданулар
Заң ЖИ-дің бірқатар қауіпті функцияға шектеу қояды:
• адамдардың келісімінсіз мінез-құлқына ықпал ету;
• әлсіз топтарды (балалар, мүгедектер, әлеуметтік жағдайы төмендер) әдейі пайдалану;
• әлеуметтік скоринг (адамдарды мінез-құлқы бойынша бағалау);
• эмоцияларды талдау келісімсіз жүргізу;
• қоғамдық орындарда нақты уақыт режимінде бейнебақылау арқылы бет-әлпетті тану (заңда көрсетілген ерекше жағдайларды қоспағанда);
• заңға қайшы синтетикалық контент тарату.
Синтетикалық контентті белгілеу
Жаңа заңға сәйкес, ЖИ арқылы жасалған кез келген контент міндетті түрде машина оқитын форматта және визуалды ескертулермен белгіленуге тиіс. Бұл қоғамдағы сенімді арттырып, технологияның оң мүмкіндіктерін қауіпсіз пайдалануға жол ашады.
Авторлық құқық және жауапкершілік
• Тек ЖИ-дің өзі жасаған туындылар авторлық құқықпен қорғалмайды.
• Бірақ пайдаланушының шығармашылық сұраныстары (prompt) авторлық құқық нысаны ретінде қарастырылуы мүмкін.
• ЖИ-ді оқыту үшін ғылыми еңбектер мен шығармаларды пайдалану тек автор тарапынан арнайы тыйым болмаған жағдайда ғана рұқсат.
Егер ЖИ жүйесі адамға зиян келтірсе, жауапкершілік жүйе иесіне немесе операторына жүктеледі. Ал сақтандыру әзірге ерікті шара ретінде ұсынылғанымен, болашақта азаматтардың құқықтарын қорғаудың маңызды тетігіне айналуы ықтимал.