Премьер-министрдің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Қаржы министрі Мәди Тәкиев 2025 жылдың бірінші жартыжылдығындағы кірістердің орындалу қорытындыларын ұсынды.
Оның айтуынша, мемлекеттік бюджеттің кірісі шамамен 11 трлн теңгені немесе жоспарға 106,4% құрады.Республикалық бюджет 31 млрд теңгеден аса артығымен орындалып, 100,5% атқарылды. Бұл импортқа салынатын қосылған құн салығы, шикі мұнайға экспорттық кедендік баж және корпоративтік табыс салығы түсімдерінің есебінен қамтамасыз етілді.
Жергілікті бюджеттер де сенімді өсім көрсетті: кірістер 117% немесе 656,6 млрд теңгеге атқарылды. Жоспардың артығымен орындалуы жеке табыс салығы, корпоративтік табыс салығы және әлеуметтік салық есебінен қалыптасты. Өткен жылдың 6 айымен салыстырғанда кірістердің өсу қарқыны мемлекеттік бюджет бойынша 118,8%, оның ішінде республикалық бюджет бойынша 122% және жергілікті бюджет бойынша 114,3% құрады.
Сонымен қатар, салықтық, кедендік әкімшілендірудің арқасында 492 млрд. теңге қосымша түсімдер қамтамасыз етілді. Жыл басынан бері қосылған құн салығын қайтару көлемі, өткен жылдың деңгейінен 12% артық орындалып, 768 млрд теңгені құрады.
«Бұл жай ғана цифрлардың өсуі емес – бұл экономикаға өтімділіктің нақты ағыны, экспорттаушыларды, өндірушілерді және аграрийлерді қолдау болып саналады. Мұндай серпінге, қосымша құн салығын қайтарудың жеңілдетілуімен және экспорттаушылардың өтінімдерін басымдық бере отырып қараумен қол жеткізілді. 2025 жылы өтемақылар/дың жалпы көлемі, шамамен 2 трлн теңге деңгейінде болжануда», – деді Мәди Тәкиев.