Бір жылда (2024 жылғы наурызбен салыстырғанда) жаңа тұрғын үйлерді сату бағасы 5,9%, қолданыстағы пәтерлер нарығындағы баға 6,7% өсті. Абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу төлемі былтырғы тиісті аймен салыстырғанда 2025 жылғы наурызда 11,6% жоғарылады.
Өңірлер бөлінісінде жылдық мәнде жаңа тұрғын үй бағасының ең жоғары өсімі Павлодарда (18%), Көкшетауда (15%) байқалды. Қолданыстағы пәтерлер нарығында баға едәуір Атырау (15,8%), Павлодар (12,9%), Ақтөбеде (12,7%), ал тұрғын үйді жалға беру нарығында – Астана (25,4%), Талдықорған (23,8%), Семей (22%) қалаларында көтерілді.
Бір айдың ішінде (2025 жылғы ақпан мен наурызды салыстырғанда) жаңа тұрғын үйді сату – 0,6%, ал пәтерлерді қайта сату 1,4% өсті. Абаттандырылған тұрғын үйді жалға беру төлемі 1% арзандады.
2025 жылғы наурыз айында тұрғын үйді алып-сату бойынша 27 739 мәміле тіркелген, оның ішінде жеке үйлер бойынша – 5 897 және көппәтерлі үйлердегі пәтерлер бойынша – 21 842 мәміле жасалды. 2025 жылдың ақпанымен салыстырғанда (29 022) тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны 4,4%-ға азайды. Мәмілелер саны бойынша Астана (5 652 – 20,4%) және Алматы (5 069 – 18,3%) қалалары, сонымен қатар, Қарағанды облысы (2 130 – 7,7%) көш бастап тұр. Мәмілелер санының ең азы Ұлытау облысында – 357 мәміле (1,3%).
2025 жылдың ақпанымен салыстырғанда наурызда мәмілелер санының ең көп өсімі Шығыс Қазақстан (+16,8%), Алматы (+11,4%) және Атырау (+11,3%) облыстарында тіркелді. Ал бір айдағы ең көп төмендеу Жамбыл (-23,3%), Батыс Қазақстан (-18,4%) және Маңғыстау (-18,1%) облыстарында орын алды.
2025 жылдың ақпанымен салыстырғанда, көппәтерлі үйлердегі пәтерлер бойынша мәмілелер саны 3,7% (848 мәмілеге) азайды. 2025 жылдың наурыз айында пәтерлер бойынша барлығы 21 842 мәміле жасалды, бұл мәмілелердің жалпы санының 78,7%-ы. Көппәтерлі үйлердегі тұрғын үй саудасының негізгі үлесі Астана (25,3%), Алматы (21%) қалаларына және Қарағанды облысына (8,3%) тиесілі. Бөлмелер саны бойынша 2 бөлмелі пәтерлер сатылымы басым болды, 2025 жылдың наурыз айында олар бойынша 8 211 мәміле ресімделген.
2025 жылдың ақпан айымен салыстырғанда наурызда жеке тұрғын үйлер бойынша мәмілелер саны 6,9%-ға (435 мәмілеге) азайды. Наурызда барлығы 5 897 мәміле тіркелген. Жеке тұрғын үйлер бойынша мәмілелер санының ең көп өсімі Астана (+20,6%) қаласында, Шығыс Қазақстан (+15,7%) облысында және Алматы (+5,8%) қаласында байқалды. Мәмілелер санының ең үлкен төмендеуі Батыс Қазақстан (-20,3%), Маңғыстау (-19,7%) және Атырау (-14,4%) облыстарында тіркелді.
2025 жылғы наурызда тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелері былтырғы жылдың тиісті айымен салыстырғанда 5,1%-ға көбейген, ол кезде 26 389 мәміле ресімделген болатын. Мәмілелер санының ең жоғары өсімі Ұлытау облысында (66%) байқалды, ең үлкен төмендеу – Түркістан облысында (-25,7%). 2025 жылдың қаңтар-наурыз айларындағы мәмілелер саны 2024 жылғы қаңтар-наурыз аралығымен салыстырғанда 1,1% төмендеген.