Жаңа үйлер бір жылда 8,7%, қайталама нарық 6,3% қымбаттады

Жаңа үйлер бір жылда 8,7%, қайталама нарық 6,3% қымбаттады

2025 жылғы мамыр айында тұрғын үйді алып-сату бойынша 33 986 мәміле тіркелген, оның ішінде жеке үйлер бойынша – 7 745 және көппәтерлі үйлердегі пәтерлер бойынша – 26 241 мәміле жасалды. 2025 жылдың сәуірімен салыстырғанда (36 839) тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны 7,7% азайған. Мәмілелер саны бойынша Алматы (7 161 – 21,1%) және Астана (6 077 – 17,9%) қалалары, сонымен қатар, Қарағанды облысы (2 654 – 7,8%) көш бастап тұр. Мәмілелер саны Ұлытау облысында ең аз – 312 мәміле (0,9%).

2025 жылдың сәуірімен салыстырғанда мамырда мәмілелер санының ең көп өсімі Абай (+11,4%) облысында және Алматы (+2%) қаласында тіркелді. Ал бір айдағы ең көп төмендеу Ұлытау (-31,3%), Шығыс Қазақстан (-18%) және Атырау (-17,8%) облыстарында болды.

2025 жылдың сәуірімен салыстырғанда, көппәтерлі үйлердегі тұрғын үй мәмілелер саны 8,5% (2 423 мәмілеге) азайды. Мамырда пәтерлер бойынша барлығы 26 241 мәміле жасалды, бұл мәмілелердің жалпы санының 77,2%. Көппәтерлі үйлердегі тұрғын үй саудасының негізгі үлесі Алматы (25,1%), Астана (22,6%) қалаларына және Қарағанды облысына (7,9%) тиесілі. Бөлмелер саны бойынша 1 бөлмелі пәтерлер сатылымы басым болды, 2025 жылдың мамыр айында олар бойынша 10 168 мәміле ресімделген.

2025 жылдың сәуір айымен салыстырғанда мамырда жеке тұрғын үйлер бойынша мәмілелер саны 5,3% (430 мәмілеге) азайды. Мамырда барлығы 7 745 мәміле тіркелген. Жеке тұрғын үйлер бойынша мәмілелер санының ең көп өсімі Қарағанды (+18,3%), Жамбыл (+10,6%) және Алматы (+7,1%) облыстарында байқалды. Ал бір айдағы ең көп төмендеу Ұлытау (-27,6%) және Жетісу (-24,7%), Қызылорда (-24,1%) облыстарында.

2025 жылғы мамырда тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелері былтырғы тиісті аймен салыстырғанда 9,4% көбейген, ол кезде 31 071 мәміле ресімделген болатын. Мәмілелер санының ең жоғарғы өсімі Алматы облысында (45,3%) байқалды, ең үлкен төмендеу – Атырау облысында (14%). 2025 жылдың қаңтар-мамыр айларындағы мәмілелер санын 2024 жылғы тиісті кезеңмен салыстырғандағы өсім – 5%.

Бір жылда (2025 жылғы мамыр 2024 жылғы мамырға) жаңа тұрғын үйлерді сату бағасы 8,7%, қолданыстағы пәтерлердікі 6,3% жоғарылады. Абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу төлемі 9,4% өсті.

Өңірлер бөлінісінде жаңа үйлер нарығында жылдық мәнде баға Павлодар қаласында – 22,6%, Алматы қаласында – 12,7% едәуір қымбаттады. Қолданыстағы пәтер нарығында баға Ақтөбе (17,6%), Павлодар (13,3%), Алматы (12,9%) қалаларында айтарлықтай өскен, ал тұрғын үйді жалға алу нарығында өсім Ақтөбе (27,6%), Семей (22,2%), Көкшетау (21,6%) және Астана (21,5%) қалаларында байқалған.

Бір айдың ішінде (2025 жылғы мамыр 2025 жылғы сәуірге) жаңа тұрғын үйді сату бағасы 0,7% жоғарыласа, қайталама нарық 0,3% төмендеген. Абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу төлемі бір айдың ішінде 1,4% арзандаған.