Қызылордада өткен Ұлттық Құрылтайда президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа мемлекеттік орган — Халық Кеңесі құрылатынын мәлімдеді.

«Реформалардың жаңа кезеңінде Қазақстанға қоғамдық дамудың барлық мәселелері бойынша жалпыұлттық диалогты тұрақты түрде өткізіп тұру үшін кең платформа немесе мінбер қажет.

Бұл платформа халқымыздың бірлігі мен тұтастығына ықпал ететін негізгі қоғамдық-саяси бірлестіктер мен құрылымдарды қамтиды.

Осыны негізге ала отырып, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың тарихи маңызды миссияларын іс жүзінде табысты аяқталды деп санауға болады.

Жаңа институт ретінде Қазақстанның Халық Кеңесін құруды ұсынамын.

Жаңа органның қызметінде Ассамблея мен Ұлттық құрылтай функцияларының стратегиялық сабақтастығын — қазақ мемлекеттілігі мен Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігін дәйекті түрде нығайту ісін сақтап қалудың маңызы зор деп есептеймін.

Сонымен қатар, Халық Кеңесі өз мәні бойынша басқа елдердегі консультативтік құрылымдардың тәжірибесін бойына сіңірген жаңа мемлекеттік органға айналады.

Онда барлық этностар, халық топтары мен өңірлер өкілдік ететін болады.

Қазақстанның Халық Кеңесі еліміздің жоғары консультативтік органы мәртебесіне ие болады.

Кеңес құрамын 126 адамнан жасақтау ұсынылды: 42 адам – этномәдени бірлестіктерден, 42 адам – ірі қоғамдық бірлестіктерден, 42 адам – мәслихаттар мен өңірлік қоғамдық кеңестерден.

Халық Кеңесінің барлық мүшелерін Президент тағайындайды, ал төрағаны Кеңес мүшелері өздері сайлайды.

Халық Кеңесі Төрағасының ротациялық негізде қоғамдық бастамамен тағайындалатын екі орынбасары, сондай-ақ хатшылық басшысы болады», – деді Тоқаев.

«Халық Кеңесі заң шығару бастамасы құқығына ие болуға тиіс, бұл, әлбетте, оның мәртебесін айтарлықтай нығайта түседі.

Жылына кемінде бір рет шақырылатын сессия Халық Кеңесінің жоғары органы болады.

Кеңеске Қазақстан халқы Ассамблеясының этносаралық және конфессияаралық келісім мәселелері бойынша негізгі функционалы беріледі.

Сонымен қатар, жаңа орган ішкі саясатты жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеуге назар аударады, мемлекеттік идеологияға, сондай-ақ Конституция ережелері мен мемлекетіміздің басқа да маңызды құжаттарына қатысты мәселелерді ілгерілетумен және түсіндірумен айналысады.

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездерін, мемлекеттік маңызы бар басқа да гуманитарлық форумдарды өткізу функциясы Кеңестің құзыретіне өтеді.

Халық Кеңесінің мәртебесі мен оны жасақтау тәртібін Конституцияның жеке бөлімінде және арнайы Конституциялық заңда реттеу жоспарлануда», – деді президент.