Қазақстанда алимент төлеуден жалтару үшін қолданылатын «конвертпен жалақы алу» тәсілі жақын арада тиімділігін жоғалтуы мүмкін. Үкімет алимент төлемдеріне бақылауды күшейтіп, цифрлық жүйе арқылы табысты жасыру жағдайларын анықтауды жоспарлап отыр. Бұл туралы әділет вице-министрі Бекболат Молдабеков мәлімдеді.

Жоспарға сәйкес, алимент төлемдерін бақылау үшін жасанды интеллект элементтері енгізілген цифрлық жүйе іске қосылады. Жүйе азаматтардың табысы туралы деректерді олардың мамандығы, біліктілігі және өңірімен салыстырады.

Егер көрсетілген жалақы күмәнді түрде төмен болса, компания бухгалтеріне арнайы push-хабарлама жіберіледі. Бұл табыс деңгейінің лауазымға сәйкес келмейтінін көрсетіп, «конвертпен» төлем болуы мүмкін екенін білдіреді.

«Қазір кей қызметкерлер ресми түрде ең төменгі жалақыны ғана көрсетіп, (мысалы, 70 мың теңге, қалған бөлігін қолма-қол алады. Соның салдарынан алимент төлемдері нақты табыстан емес, төмендетілген сомадан есептеледі. Жаңа жүйе бұл қулыққа тосқауыл болады», — дейді вице-министр.

Жаңа жүйе енгізілген жағдайда жұмыс берушілер нақты жалақыны көрсетуге мәжбүр болады. Себебі күмәнді деректер салықтық тексерістерге себеп болуы мүмкін.