Жалақысы 3 млн теңгеден асатындардың салығы көбейеді

Жаңа Салық кодексінде қарастырылған жеке табыс салығының (ЖТС) 15%-дық мөлшерлемесі барлық азаматтарға емес, тек табысы өте жоғары қазақстандықтарға ғана қолданылады.

Үкіметтің түсіндіруінше, 15%-дық мөлшерлеме жылдық табыс 8 500 АЕК-тен асқан жағдайда ғана енгізіледі. 2026 жылы бұл 36,7 млн теңгеге, яғни айына шамамен 3,06 млн теңгеге тең.

Егер азаматтың айлық табысы осы деңгейден төмен болса, бұрынғыдай 10% ЖТС төлейді.

Сонымен қатар, 15% мөлшерлеме бүкіл табысқа емес, тек белгіленген шектен асқан бөлігіне ғана қолданылады.

Мысалы, егер азаматтың жылдық табысы 40 млн теңге болса, онда 36,7 млн теңгесі 10% мөлшерлемемен, ал шектен асқан 3,3 млн теңгесі ғана 15% мөлшерлемемен салық салынады.