ITS биржасына енді Қазпошта арқылы қосылуға болады

ITS биржасына енді Қазпошта арқылы қосылуға болады

Қазпошта ITS сауда-саттығына қатысушы мәртебесін алып, бір ай ішінде өз клиенттеріне халықаралық сауда алаңында бағалы қағаздармен мәміле жасау мүмкіндігін ұсынады.

«Қазпошта» АҚ – Қазақстан Республикасының ұлттық пошта операторы және мемлекеттік инфрақұрылымның негізгі элементтерінің бірі. Компания атаулы ұстаушы құқығымен брокерлік және дилерлік қызметке, сондай-ақ трансфер-агенттік қызметтерге лицензияларға ие.

«ITS сауда-саттығына шығуымыз корпоративтік және бөлшек клиенттерге қызмет көрсетуді дамытуға, қаржы ағындарын оңтайландыруға жаңа мүмкіндіктер ашады және біздің компанияның бағалы қағаздар нарығындағы негізгі ойыншы ретіндегі рөлін нығайтады», – деп атап өтті «Қазпошта» АҚ басқарма төрайымы Әсел Жанасова.

Еліміздегі ең ірі филиалдық желіге ие Қазпоштаның ITS сауда-саттығына қосылуы халықаралық бағалы қағаздармен және ETF-термен сауда жасауға қол жеткізетін инвесторлар санын айтарлықтай арттырады және Астана халықаралық қаржы орталығының Қазақстанның қаржы нарығын дамытудағы рөлін ерекше көрсетеді.

«Біз Қазпоштаның ITS сауда-саттығына қосылуы АХҚО миссиясына – қаржы индустриясын инвестициялар үшін қолжетімді әрі тартымды етуге, инновацияларды енгізуге және жұмыс орындарын құруға бағытталған мақсаттарына толық сәйкес келеді деп санаймыз», – деді ITS басқарма төрағасы Шыңғыс Қанапиянов.

ITS инвесторларға 3 мыңнан астам халықаралық бағалы қағазға, оның ішінде 276 ETF-ке қол жеткізу мүмкіндігін ұсынады. Сауда сессиясы Астана уақытымен таңғы 10:00-ден келесі күнгі 03:45-ке дейін созылады, бұл инвесторларға корпоративтік және экономикалық оқиғаларға жедел әрекет ете отырып, инвестициялық портфельдерін тиімді басқаруға мүмкіндік береді.