Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің мәліметінше, елдегі ірі су электр станциялары жеке меншікке сатылмақ.
Тізімге Шардара су электр станциясы, Шүлбі ГЭС, Өскемен ГЭС, У.Д. Қантаев атындағы Мойнақ су электр станциясы, сондай-ақ аталған ГЭС-тердің барлығына иелік ететін Qazaq Green Power PLC компаниясы кірді.
Жыл басынан бері «Самұрық-Энерго» («Самұрық-Қазынаға» кіреді) гидроэлектр станцияларындағы өз үлестерін еншілес компаниясы — Qazaq Green Power PLC-ге кезең-кезеңімен бере бастаған еді. Осылайша, жаңартылатын энергия көздері мен ГЭС активтері «жасыл» энергетиканы дамытуға маманданған жеке компанияның құрамына біріктірілді.
Бұл нысандарды жеке меншікке беру мерзімдері мен шарттары көрсетілмеген, бірақ жекешелендіру 2026 жылдан бастап жүруі мүмкін екені айтылған. Сонымен бірге агенттік Qazaq Green Power PLC компаниясының IPO-сы 2029–2030 жылдары өтетінін хабарлады.
Өскемен ГЭС — Ертіс ГЭС каскадындағы екінші станция және Бұқтырма ГЭС-інің контрреттеушісі қызметін атқарады. Оның орнатылған қуаты – 367,8 МВт, қолжетімді қуаты – 335 МВт. Станцияның құрылысы 1939 жылы Ертіс өзенінде басталған. Бірінші турбина 1952 жылы, төртінші турбина 1959 жылы іске қосылған.
Шүлбі ГЭС Семейден 70 км қашықтықта орналасқан және Ертіс ГЭС каскадындағы үшінші станция саналады. Ол Қазақстандағы орнатылған қуаты ең жоғары ГЭС – 702 МВт.
Шардара ГЭС Түркістан облысында орналасқан және 1967 жылдан бері жұмыс істейді. Станция қуаты – 126 МВт.
Мойнақ су электр станциясы Алматыдан 150 шақырым жерде, Шарын өзенінің жоғарғы ағысында орналасқан. Станция 2012 жылы іске қосылып, Қазақстанның оңтүстік аймағындағы жүктемені азайтуға арналған электр көзі ретінде пайдаланылады. Оның орнатылған қуаты – 300 МВт, орташа жылдық өндірісі – 1 027 млн кВт/сағ. 2025 жылдың алғашқы жартысында станция 8 млрд теңге табыс тапты.
Жекешелендіруге ұсынылған нысандар тізіміне «Теплоэнергомаш» және «Қазгидротехэнерго» компаниялары да кірді.
Бұдан бөлек, 2026 жылы «Балқаш жылу электр станциясы» компаниясын тарату ұсынылады.
Балқаш ЖЭС-ін көмірмен жұмыс істейтін станция ретінде Samsung компаниясымен бірлесіп салу жоспарланған еді (жоба әзірлеу барысында оңтүстіккореялық корпорация жобадан бас тартты). Станция Балқаш көлінің жағасында салынуға тиіс болатын. Қазір осы жерде «Росатом» қуаты 2,4 ГВт болатын алғашқы атом электр станциясын салуды жоспарлап отыр.