Қазақстанның Бас прокуратурасында 2025 жылдың қорытындысы бойынша алқаның кеңейтілген отырысы өтіп жатыр. Жиын барысында қадағалау органының басшысы Берік Асылов Активтерді қайтару жөніндегі комитеттің Инвесторлардың құқығын қорғау комитеті болып қайта құрылғанын мәлімдеді.
Оның айтуынша, жаңа орган отандық болсын, шетелдік болсын «әрбір инвестор үшін құқықтық қалқанға» айналады.
«Жаңа комитеттің басты басымдығы — инвестициялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Бұл экономикалық өсімді нығайтуға және Қазақстанның сенімді әрі болжамды юрисдикция ретіндегі беделін арттыруға мүмкіндік береді», — деп атап өтті Асылов.
Ол инвесторлар мемлекеттік кепілдіктермен қатар, өз міндеттемелерін де адал орындауға тиіс екенін қадап айтты. Яғни, жобаларды жүзеге асырып, жұмыс орындарын ашуы және экономиканың нақты секторына үлес қосуы керек.
«Экономикаға капиталды жай ғана формальды түрде тарту емес, оның тиімді қайтарымы қажет. Прокуратураның рөлі — заңдылықтың, ашықтықтың және барлық тараптардың жауапкершілігінің теңгерімін қамтамасыз ету», — деді Бас прокурор.