Кәсіпкерлік қызметті ынталандыру мен бизнестің қаржыға қол жеткізуін қамтамасыз ету бойынша мемлекеттің саясатын іске асыру мақсатында Ұлттық экономика министрлігі «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорымен бірлесіп, 2025 жылдың басынан бастап жалпы сомасы 4 898 жобаға 586 млрд теңгеге қолдау көрсеткен.
Бұрын айтылғандай, ағымдағы жылғы сәуірде «Даму» қоры арқылы кепілдік беру қорлары жұмысын бастады. Мұның біріншісі 7 млрд теңгеге дейінгі шағын және орта бизнес жобаларына, екіншісі 7 млрд теңгеден асатын ірі жобаларға арналған.
Бүгінгі таңда 8 банкпен келісім жасалған. Кепілдік қорына алғашқы 537 млн теңге жарнаны Freedom Bank салып отыр. Сонымен қатар, Halyk Bank, ForteBank пен Банк Центркредит банкі тиісінше 2 млрд, 1,8 млрд және 1,6 млрд теңгеден үлес қоспақ.
ШОБ-қа арналған Кепілдік қоры ашылғаннан бері 230 жобаға 27,7 млрд теңге несие берілген. Бұл ретте кепілдік сомасы 13,9 млрд теңге. Жобалардың 70%-дан астамы жаңа өндірісті іске қосуға, жабдық сатып алу мен құрылысқа, инвестициялық мақсатқа арналған. Ең көп қолдау көрсетілген, шамамен 40% өтінім өңдеу өнеркәсібіне тиесілі. Сондай-ақ, көлік және логистика, денсаулық сақтау мен білім беру саласында да сұраныс жоғары деңгейде.