Екінші деңгейдегі банктердің экономикаға берген кредиттері 2025 жылғы қаңтарда 0,8% азайып 33,5 трлн теңге құрады.
Ұлттық валютада берілген кредиттер 0,3% 30,7 трлн теңгеге дейін, шетел валютасында берілген кредиттер, негізінен, теңгенің АҚШ долларына қатысты 1,3% нығаюы аясында валюталық қайта бағалау нәтижесінде 6,0%, 2,8 трлн теңгеге дейін азайды. Нәтижесінде кредиттердің теңгедегі үлес салмағы 2025 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша 91,2%-дан 91,7%-ға дейін ұлғайды.
2025 жылғы қаңтарда екінші деңгейдегі банктер барлығы 2,3 трлн теңгеге жаңа кредиттер берді, бұл 2024 жылғы қаңтармен салыстырғанда 1,4% аз.
Бизнес субъектілеріне берілген кредиттер 2025 жылғы қаңтарда 3,0%, 12,7 трлн теңгеге дейін азайды. Олардың құрылымында ШОБ субъектілеріне берілген қарыздар 7,9%, 5,9 трлн теңгеге дейін төмендеді. Бұл ретте, ірі бизнеске қарыздар 2,3%, 4,4 трлн теңгеге, жеке кәсіпкерлерге берілген кредиттер 0,7%, 2,3 трлн теңгеге дейін өсті.
Төмендеу корпоративтік сектордағы кредиттік белсенділіктің маусымдық баяулауына, қолданыстағы кредиттерді жоспарлы өтеуге, сондай-ақ теңгенің нығаюы аясында валютамен кредиттерді қайта бағалауға байланысты болды.
2025 жылғы қаңтарда бизнеске берілген кредиттердің қысқаруы барлық салаларда байқалады. Өнеркәсіпте кредиттер 3,2%, 4,2 трлн теңгеге дейін, құрылыста 7,9%, 0,6 трлн теңгеге дейін, саудада 2,9%, 3,4 трлн теңгеге дейін, көлікте 0,5%, 0,9 трлн теңгеге дейін, ауыл шаруашылығында 2,9%, 0,5 трлн теңгеге дейін, ақпарат және байланыс – 6,0%, 0,1 трлн теңгеге дейін, қызметтердің өзге салаларында – 2,4%, 2,9 трлн теңгеге дейін, негізінен, жоспарлы өтеулерге байланысты төмендеді.
Барлығы 2025 жылғы қаңтарда бизнес субъектілеріне екінші деңгейдегі банктер 1,0 трлн теңге сомаға жаңа қарыздар берді, бұл ірі бизнес субъектілеріне берілген қарыздардың 25,6% төмендеуіне байланысты 2024 жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 11,8% аз.
Халыққа берілген кредиттер 2025 жылғы қаңтарда 20,8 трлн теңгені құрап, 0,6% ұлғайды. Халыққа берілген кредиттердің өсуі тұтынушылық қарыздардың 0,8%, 13,9 трлн теңгеге дейін ұлғаюына және ипотекалық кредит берудің 2024 жылғы желтоқсандағы деңгейде 6,1 трлн теңге мөлшерінде сақталуына байланысты болды.
2025 жылғы қаңтарда бизнес субъектілеріне ұлттық валютада берілген кредиттер бойынша сыйақының орташа сараланған мөлшерлемесі негізінен дара кәсіпкерлерге берілетін қарыздар бойынша мөлшерлеменің 29,7%-дан 32,3%-ға ұлғаюына байланысты 21,0%-ға (2024 жылғы желтоқсанда – 19,7%), тұтынушылық қарыздар бойынша мөлшерлемелердің 2024 жылғы желтоқсандағы 17,8%-дан 21,1%-ға дейін ұлғаюы нәтижесінде халыққа берілген кредиттер бойынша 20,3%-ға (2024 жылғы желтоқсанда – 17,0%) өсті.
Кредиттік портфелдің сапасы жоғары болып сақталуда. 2025 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша банк секторы бойынша мерзімі өткен берешегі 90 күннен асатын қарыздар деңгейі (NPL 90+) несие портфелінің 3,2% немесе 1 143 млрд теңгені құрады (2025 жылғы 1 қаңтарда – 3,1% немесе 1 094 млрд теңге).
Бизнес субъектілеріне берілетін кредиттер портфелінде NPL90+ қарыздарының деңгейі 2,2% немесе 314 млрд теңгені, халыққа берілетін кредиттер портфелінде – 4,0% немесе 828 млрд теңгені құрады.
Жұмыс істемейтін қарыздарды провизиялармен өтеу жоғары деңгейде сақталып отыр және 66,9%-ды құрайды (01.01.2024 ж. – 67,0%).