Халыққа берілген кредиттер 2024 жылғы қарашада 2,6% ұлғайып, 20,3 трлн теңгені құрады (2024 жылдың басынан бері 21,8% өсім). Банктердің бөлшек портфелінің құрылымында тұтынушылық қарыздар 3,0%, 13,5 трлн теңгеге дейін ұлғайды.
2024 жылғы қарашаның қорытындысы бойынша банктердің ипотекалық портфелі 1,8%, 6,0 трлн теңгеге дейін өсті. Бұл ретте 2024 жылдың 11 айында жаңа ипотекалық қарыздар беру шамамен 1,8 трлн теңгені құрады, бұл 2023 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 23,3% артық.
Жаңа ипотекалық кредиттерді беру құрылымында нарықтық кредит берудің оң серпіні жалғасуда – жыл басынан бастап нарықтық талаптармен 617,8 млрд теңгеге ипотекалық кредиттер берілді, бұл 2023 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 36,3% артық. Нәтижесінде олардың үлесі 2023 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 31,3%-дан 34,6%-ға дейін ұлғайды.
2024 жылғы қарашада халыққа теңгемен берілген кредиттер бойынша сыйақының орташа алынған мөлшерлемесі негізінен бөліп төлеуге берілген қарыздар үлесінің ұлғаюы аясында тұтынушылық қарыздар бойынша мөлшерлемелерді 19,7%-дан 17,6%-ға дейін төмендету есебінен 16,9%-ға дейін (2024 жылғы қазанда – 18,8%) төмендеді.
Банктердің несие портфелінің сапасы жоғары деңгейде қалып отыр. Мәселен, 01.12.2024ж. кредиттік портфельдің жалпы көлемінде 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар кредиттердің үлесі бір ай бұрынғы 3,3%-дан төмендеп, 3,2%-ды немесе 1,1 трлн теңгені (01.01.2024ж. – 2,9% немесе 864 млрд теңге) құрады. 01.12.2024ж. халықтың кредиттері бойынша NPL90+ қарыздардың үлесі 4,0%-ды немесе 808 млрд теңгені құрады (01.11.2024ж. – 3,9% немесе 777 млрд теңге, 01.01.2024ж. – 3,4% немесе 575 млрд теңге), ал бизнеске берілген кредиттер бойынша – 2,3% немесе 317 млрд теңге (01.11.2024ж. – 2,4% немесе 320 млрд теңге, 01.01.2024ж. – 2,3% немесе 289 млрд теңге).
90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар кредиттерді провизиялармен өтеу деңгейі 69,2%-ды құрады (01.01.2024 ж. – 75,9%).