Халықтың жағдайы жақсаруы үшін экономика неше пайыз өсуі керек?

Халықтың жағдайы жақсаруы үшін экономика неше пайыз өсуі керек?

Экономика қандай қарқынмен өскенде халықтың табысына нақты әсер ете бастайды? Бұл сұрақтың жауабын Ұлттық экономикалық зерттеу бюросы сарапшысы Қуаныш Бейсенғазин тапты.

1. Ең кедей 10% халық тек жоғары экономикалық өсім кезінде ғана жағдайларын жақсарта алады

Зерттеу көрсеткендей, ЖІӨ өсімі 3,35%‑дан төмен болған жағдайда ең төменгі табысты халықтың кірісіне экономикалық өзгеріс әсер етпейді. Бұл жағдай орташа немесе төмен экономикалық өсім кезінде кедей топтар экономикалық жетістіктерден шет қалып отыратынын көрсетеді. Тек сенімді және тұрақты даму кезеңінде ғана өсім халықтың ең әлсіз тобына жете бастайды.

2. Ең бай 10% жағдайдың жақсарғанын әлдеқайда ертерек сезінеді

ЖІӨ өсуі 3,3%‑дан төмен болса да, ең бай 10% халық табысы өсе береді. Бұл олардың экономикадағы өзгерістерге жоғары деңгейде сезімтал екенін көрсетеді. Ал бұл көрсеткіш 3,3%‑дан асқанда, табыстары одан да айқын әрі жылдам өседі. Бұл бай топтар экономикалық өсімнің оң әсерін басқалардан ерте сезініп, ол өсім фазасында кірістерін жылдам арттыратынын білдіреді.

3. Көпшілік отбасылар үшін табыстың нақты өсуі тек белгілі бір «өсім шегінен» өткенде басталады

Халықтың жалпы нақты табысы ЖІӨ‑ны 3,3%‑дан асқан жағдайда ғана тұрақты түрде өседі. Бұл Қазақстан үшін экономикалық өсімнің өздігінен оң болуымен шектелмей, халықтың өмір сүру деңгейіне әсер етуі үшін белсенді әрі жеткілікті жоғары болғаны қажет екенін дәлелдейді.

ЖІӨ өсімінің халық табысына әсері белгілі бір «шекті өлшемге» жеткенде ғана байқалады. Бұл жүйелік осалдықтың белгісі — елдің экономикалық жетістіктері автоматты түрде халықтың әл-ауқатына айналмайды. Сол себепті экономика өсімінің пайдасын теңдей тарату үшін табыстарды қайта бөлу механизмдерін қайта қарастыру және әлеуметтік саясатты күшейту қажет.

Бұл талдау 2000–2024 жылдар аралығындағы нақты ЖІӨ өсімі мен халықтың нақты табысы бойынша ресми деректер негізінде жасалды. Төменгі және жоғарғы дециль топтары үшін нақты кірістер номиналдық мәндер мен тұтыну бағалары индексы арқылы есептелді.