Freedom Банк жинақтау мен ипотеканы біріктіретін жаңа тұрғын үй несиелеу өнімін іске қосты. Бағдарлама аясында қарыз алушы бастапқы жарнасын депозитке орналастырып, ипотека төлемін өтеп жүрген кезеңде жинағын көбейте алады. Кейін бұл қаражат несиенің бір бөлігін өтеуге жұмсалып, пайыздық мөлшерлемені төмендетуге мүмкіндік береді.
Бағдарлама шарттарына сәйкес, бастапқы жарна жылдық 7% мөлшерлемемен депозитке салынады. Жинақтау кезеңі аяқталғаннан кейін депозитте жиналған қаражат ипотеканың бір бөлігін автоматты түрде өтейді. Соның нәтижесінде қалған қарыз тұрғын үй займына ауыстырылып, сыйақы мөлшерлемесі 10%-ға дейін төмендейді. Ай сайынғы төлем көлемі өзгермейді, алайда несие мерзімі қысқарады.
Мысалы, құны 30 млн теңге болатын тұрғын үйді сатып алу кезінде бастапқы жарна 9 млн теңге (30%) болса, алғашқы бес жылда қарыз алушы ай сайын ипотекаға 210 мың теңге және депозитке 70 мың теңге, жалпы 280 мың теңге төлейді. Бес жылдан кейін депозитте шамамен 13,7 млн теңге жиналып, ол қарыздың бір бөлігін өтеуге бағытталады. Қалған шамамен 7,3 млн теңге тұрғын үй қарызы ретінде қайта рәсімделіп, төмендетілген мөлшерлемемен төленеді.
Бағдарлама бойынша ипотека 20 жылға дейінгі мерзімге және 100 млн теңгеге дейінгі сомаға беріледі. Номиналды сыйақы мөлшерлемесі 10%-дан 14,5%-ға дейін, ал жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі (ЖТСМ) 10,5%-дан 15,5%-ға дейін.
Қарыз алушыға қойылатын негізгі талаптар:
жасы – 21-70 жас аралығы (несие мерзімі аяқталған кездегі жасын қоса алғанда);
Қазақстан Республикасының азаматы болуы.
Бағдарламада комиссия қарастырылмаған. Дегенмен депозиттегі қаражатты мерзімінен бұрын шешіп алуға болмайды. Ол тек несиені ішінара мерзімінен бұрын өтеу және пайыздық мөлшерлемені төмендету үшін пайдаланылады. Сонымен қатар, төмендетілген мөлшерлемеге өту үшін қарыз алушы белгіленген жинақтау мерзімін сақтап, несие сомасының кемінде 50%-на тең қаражат жинауы тиіс.