ForteBank 2025 жылдың бірінші тоқсанында 45,9 млрд теңге таза пайда тапты, бұл өткен жылдың қаңтар-наурыз айларындағы көрсеткіштен 33% көп, деп хабарлайды Қазақстан қор биржасы жариялаған банк хабарламасында.
Пайданың өсуіне таза пайыздық табыстың 23%, 77,8 млрд теңгеге дейін ұлғаюы әсер етті. Банк көрсеткіштің жақсаруын несие портфелі мен инвестициялық бағалы қағаздардан түсетін табыстың өсуімен түсіндіреді.
ForteBank сонымен қатар бірінші тоқсанда операциялық шығындарды бұрынғыға қарағанда тиімдірек басқара алды делінген. Бұл ретте таза комиссиялық табыс өткен жылмен салыстырғанда өзгеріссіз қалып, 4,5 млрд теңгені құрады. Валюталық операциялардан түскен пайда екі есе өсіп, 14,6 млрд теңгеге жетті. Банк мұны нарықтағы жоғары құбылмалылықпен және валюталық позицияларды оң қайта бағалаумен түсіндіреді.
ForteBank активтері 9,5% өсіп, 4,5 трлн теңгеге жетті. Оның ішінде несие портфелі 2,1 трлн (+15,9%).