Ескі көліктерге салық 30% азаяды

Ескі көліктерге салық 30% азаяды

10 жылдан астам пайдаланылған көліктерге салынатын салық 30% төмендетіледі.

Мәжіліс депутаттары Салық кодексінің жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Құжат Мемлекет басшысының Жарлығы мен Жолдауын және Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын орындау мақсатымен әзірленген. 

Жоба аясында салықтар мен басқа да міндетті төлемдерді, салықтық жеңілдіктер санын қысқарту, мониторингілеу және талдау бойынша жүйелі шаралар көзделген. Банк секторы (25%), ойын бизнесі (25%), әлеуметтік сала (10%) және ауыл шаруашылығы (3%) үшін корпоративтік табыс салығының мөлшерлемесі сараланады. Базалық мөлшерлеме 20% деңгейінде қалады.

Ғимараттарды, құрылыстарды, машиналарды, жабдықтарды, бағдарламалық қамтылымды сатып алу немесе салу кезінде инвестициялық салықтық преференциялар қарастырылады.

Жеке тұлғаларға салық салу бойынша Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан зейнетақы төлемдерін жеке табыс салығынан босату ұсынылады. Республикалық бюджет туралы заңда белгіленген 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде жалақыдан базалық салық шегерімін белгілеу көзделеді.

10 жылдан астам пайдаланылған автомобильдер үшін салық сомасы 30%, 20 жылдан астам пайдаланылғандарға 50% төмендетіледі. Ал «Сән-салтанат» заттарына (қымбат мүлік, автомобильдер, алкоголь және темекі өнімдері, теңіз кемелері, ұшу аппараттары) жоғары салық салу ұсынылады.