БАҚ беттерінде Eurasian Resources Group (ERG) акционерлерінің құрамы өзгергені туралы ақпарат тарады. Онда Шахмұрат Мүтәліп компанияның 40% үлесін шамамен 1,4 млрд долларға сатып алды деген деректер келтірілген. Нарық агенттігі бұл жағдайдың анық-қанығын білу үшін компанияға ресми сауал жолдаған болатын. ERG өкілдері бұл мәселеге қатысты нақты ұстанымын білдірді.

Компания тарапы акционерлер деңгейіндегі кез келген талқылауларға қатысты пікір бермейтінін кесіп айтты. ERG өкілдерінің сөзінше, мұндай мәселелердің барлығы — жеке және құпия сипатқа ие.

«Компания акционерлер деңгейіндегі кез келген талқылауларға қатысты түсініктеме бермейді. Мұндай талқылаулар қандай мәселеге қатысты болса да, олар әу бастан жеке әрі құпия сипатқа ие», – деді компания өкілдері.

Компания қазіргі уақытта өз назарын ішкі даму мен өндіріске аударып отырғанын мәлімдеді. 2024 жылы қабылданған жаңа ұзақмерзімді стратегия аясында ERG мынадай бағыттарды басымдық ретінде көреді:

  • Инвестиция: Қолданыстағы кәсіпорындарды жаңғыртуға қаржы құю.
  • Өндіріс: Қосылған құны жоғары өнімдер шығаруды ұлғайту.
  • ⁠Жаңа жобалар: Тұрақты өсімді қамтамасыз ететін жаңа өндіріс орындарын ашу.

Сонымен қатар компания өкілдері әлеуметтік жауапкершілік мәселесі басты назарда қала беретінін мәлімдеді.

«Компания табысының негізі — біздің қызметкерлеріміз, ERG-де еңбек етіп жүрген жандар. Сондықтан біз жұмыс орындарын сақтауға, әлеуметтік жобаларды дамытуға және жергілікті қауымдастықтарды одан ары нығайтуға баса мән береміз», - деді компания өкілдері.

Айта кетсек, сәуір айында ERG компанияны сатуға қатысты келіссөздер жайлы ақпаратты жоққа шығарған едіБАҚ-та таралып жатқан әрқилы ақпарат, соның ішінде Джеймс Кэмерон мырзадан сатып алу туралы түскен ұсыныс жайлы жарияланымдарға жауап ретінде ERG Директорлары кеңесінің төрағасы, Бас атқарушы директоры Шухрат Ибрагимов ERG-ді сату жайлы ешбір келіссөздер жүріп жатпағанын, компания басшылығы бизнесті бірізді, орнықты дамыту ұстанымдарына берік екенін нақтылады.