Ереже бұзу 72% қысқарды — Сергек басшысы мәлімдеме жасады

Ереже бұзу 72% қысқарды — Сергек басшысы мәлімдеме жасады

Бүгін Sergek жобасының негізін қалаушы Әсет Ахметов елордадағы интеллектуалды бейнебақылау жүйесінің болашағына қатысты өзінің әлеуметтік желі парақшасында мәлімдеме жасады. Естеріңізге сала кетейік, бүгін Сергектің Астанадан алынатыны айтылған еді.

«Біздің мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шарты өз мәресіне жетті. Бұл – заңды процесс. Бірақ бұл Sergek-тің аяқталуы емес, керісінше, жаңа кезеңнің басталуы. Біз үшін Астана қаласындағы жоба ерекше мәнге ие, себебі дәл осы жерден біздің үлкен сапарымыз басталды. Алғашқы қадамдар, алғашқы жетістіктер, алғашқы сын-тегеуріндер – осының бәрін біз осында бастан өткердік. Біз кішігірім іс бастадық, бірақ үлкен мақсат қойдық – технология арқылы қалаларда қауіпсіз орта қалыптастыру», — деді ол.

Жоба жылдар өте өз тиімділігін дәлелдеп қана қоймай, қоғамға нақты пайдасын тигізді:

  • Жол апаттарынан болатын өлім-жітім – 48% төмендеді;
  • Қоғамдық орындардағы қылмыс деңгейі – 67% азайды;
  • Жол ережелерін бұзу жағдайлары – 72% қысқарды;

«Бұл тек сандар емес. Бұл – нақты құтқарылған өмірлер, қауіпсіздікке деген сенім және технологияның қоғам игілігіне жұмыс істей алатынының дәлелі», – деді Ахметов.

Sergek командасы жүйенің барлық рұқсаттары мен басқару қолжетімділігін мемлекеттік серіктестерге толықтай тапсырғанын, сондай-ақ жаңа қызмет көрсетуші компанияға өтпелі кезеңді сәтті еңсеруге көмектесетінін мәлімдеді. Сонымен қатар, Астанадағы жаңа серіктестермен бірлескен жұмыс жүргізу жөнінде келіссөздер басталғанын айтты.

Sergek – бүгінде Қазақстанның көптеген қалаларында табысты жұмыс істеп жатқан маңызды қауіпсіздік жүйесі. Ақтау, Тараз, Семей, Түркістан, Шымкент, Атырау, Алматы, Қызылорда, Талдықорған, Құлсары және Жетісу облысында жүйе өз тиімділігін дәлелдеп келеді. Сондай-ақ, Алматы облысында ауқымды жоба іске асырылып, Sergek технологиялары енді халықаралық нарыққа жол тартуға дайындалуда.

«Бұл – үлкен тәжірибе мен даму кезеңі. Біз тоқтамаймыз. Қауіпсіздік саласында үздік шешімдерді ұсынуды жалғастырамыз. Sergek – бұл тек Қазақстанның бренді емес, болашақта халықаралық деңгейдегі технологиялық көшбасшылардың бірі болады!» – деп түйіндеді Әсет Ахметов.