Енді зейнетақы жинағына жаһандық ETF сатып алуға болады

Енді зейнетақы жинағына жаһандық ETF сатып алуға болады

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қазақстандықтардың зейнетақы активтерін басқарудың жаңа тәсілін әзірледі. Бұл туралы Сенатта өткен дөңгелек үстел барысында агенттік басшысының орынбасары Мария Хаджиева айтты.

Бүгінгі таңда қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарының басым бөлігі Ұлттық Банктің басқаруында болса, тек 0,3%-ы немесе 65 млрд теңгесін ғана жеке басқарушылар – Halyk Finance, Jusan Invest, Centras Securities, Halyk Global Markets және BCC Invest басқарады.

Қазақстандықтарды зейнетақы жинақтарын жеке компанияларға аударуға қызықтыру үшін ҚНРДА жаңа ережелерді әзірледі, құжатты қазір мемлекеттік органдар бекітіп жатыр.

Енді басқарушы компаниялар клиенттеріне зейнетақы жинақтарын инвестициялаудың әр түрлі стратегияларын таңдауды ұсына алады. Әрбір стратегияда белгілі бір тәуекел деңгейі, табыстылық және инвестициялау кезеңі болады.

«Жаңа тәсіл аясында түрлі жаһандық индекстерді, сондай-ақ қазақстандық құнды қағаздар және мемлекеттік бағалы қағаздар индекстерін қамтитын құрамдас индекс құрылады. Тиісінше, зейнетақы активтерін инвестициялау кезінде басқарушы компаниялар осы индекстерге енгізілген облигацияларды, акцияларды, мемлекеттік бағалы қағаздарды, сондай-ақ осы жаһандық индекстер бойынша ETF сатып алу мүмкіндігіне ие болады», — деді Хаджиева.

Бұл ретте, жеке компаниялар өздерінің басқаруындағы зейнетақы активтерінің табыстылығы белгіленген ең төменгі деңгейден төмен болса, клиенттерінің шығынын өтеуге міндетті болады.