Елде 125 мектеп интернетке қосылмаған

Елде 125 мектеп интернетке қосылмаған

Қазақстанда қазір 125 мектеп интернетке қосылмаған. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев хабарлады.

«Қазақстанда 8 042 мектеп бар, олардың 7 917-і интернетке қосылған. Оның ішінде талшықты-оптикалық байланыс арқылы – 4 663 мектеп, басқа технологиялар бойынша – 3 254 мектеп (радиорелейлік байланыс – 1 093 мектеп; Starlink – 1 657 мектеп; ADSL – 263 мектеп; LTE-модемдер – 144 мектеп; спутниктік технологиялар арқылы – 97 мектеп)», – деді ол.

Сонымен қатар, талшықты-оптикалық байланысқа қосылмаған 3 254 мектептің ішінен ары кетсе 450-і талшықты-оптикалық байланысқа қосуға жақын, себебі байланыс желісі елді мекенге дейін жеткізілген.

«Бұл жағдайда жергілікті атқарушы органдарға аталған мектептерге дейін талшықты-оптикалық желіні өздері немесе байланыс операторларын тарта отырып жеткізуді тапсыруды сұраймыз», – деді Жаслан Мәдіев премьер-министрге.

2018–2020 жылдары 1 342 мектеп мемлекеттік-жекеменшік әріптестік 1.0 жобасы аясында оптикаға қосылды; 2024 жылы 1 657 мектеп Starlink технологиясы бойынша қосылды; 2025 жылы операторлардың күшімен 311 мектеп оптикаға ауыстырылды.

«Сондай-ақ, министрлік пен Қазақтелеком арасындағы инвестициялық келісім аясында 2025–2026 жылдары серіктес есебінен 2 010 мектепке талшықты-оптикалық байланыс жеткізіледі. 2025 жылы – 819 мектеп; 2026 жылы – 1 191 мектеп. Бұл жұмыс аяқталған соң барлық мектептерде жылдам интернет болады», – деп нақтылады ол.