Қаңтар-наурыз айларының қорытындысы бойынша ҚР шетелге 18,5 млрд сомаға тауар жеткізді, бұл өткен жылмен салыстырғанда небәрі 2% төмен. Шетелден келетін тауар көлемі, өз кезегінде, 12,7 млрд долларға бағаланады. ҚР СЖРА ҰСБ деректері бойынша өткен жылғы деңгейден бірден 11% төмендеген.
Сандар қалай сөйлейді екен, тоқталып кетейік. Экспорттан бастайық:
Негізгі тауар болып саналатын шикі мұнай экспортының күрт төмендеуіне байланысты Кореяға жеткізілім 1,3 млрд доллардан 0,55 млрд долларға дейін төмендеді. Бұл мемлекет қыста хуситтердің Қызыл теңіздегі кемелерге жасаған шабуылының әсерінен біздің өнімдерімізді сатып алуды тежеген болатын.
РФ-ға сатылымдар да айтарлықтай төмендеді, 2,5 млрд доллардан 1,8 млрд долларға дейін. Алайда күрт өскендері де бар, мысалы, Қытай. Мұнда 23%, 3,2 млрд долларға дейін өсім байқалады. Негізгі өсім қайтадан сол шикі мұнай және мыстың есебінен болып тұр.
Тауарлар бойынша бидай мен меслин сатылымы айтарлықтай төмендеген. 2024 жылдың қаңтар-наурыз айларында бар болғаны 281,7 млн долларға сауда жасадық, бұл бір жыл бұрынғыдан екі есе аз.
Ал импорт туралы не айтуға болады?
Біріншіден, қазіргі құлдырауы тоқсандық көрсеткіші 44% көтерілген өткен жылдың жоғары базасы аясында есептеліп тұр. Көрсеткіштің кері қарай елеулі түрде кетіп жатқанына қарамастан, бұл 2022 жылдың I тоқсанының деңгейіне қарағанда әлі де 29% жоғары.
Біздің негізгі жеткізушілерден, Қытай және РФ-дан, импорт абсолютті түрде төмендеді, дегенмен жалпы сомаларының жоғары болуы есебінен пайыздық көрсеткіш көп болмады: сәйкесінше, -7% және -4%.
Жеткізілімдер төмендеген антиүздіктердің үштігіне Мексика да кірді. Өткен жылы көлемі күрт өсіп, өзіне назар аудартқан болатын, ал қазіргі уақытта импорт жартысынан көбіне төмендеп тұр. Мәселе мынада, 2023 жылы біз қорғасын кендерін сатып алуды едәуір арттырдық, ал көлемдерін қайтадан қысқарттық.
Айтпақшы, қорғасын кендері абсолютті мәнде сомасы едәуір қысқарған тауарлардың алғашқы үштігіне кіріп тұр: көлемдері 208 млн доллардан 86,2 млн долларға дейін төмендеді.
Сондай-ақ жеңіл автомобиль (675,9 млн доллардан 536 млн долларға дейін) және телефон (514,4 млн доллардан 394,3 млн долларға дейін) импорты айтарлықтай қысқарған.