Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин Үкімет отырысында биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша экономиканың өсуі 6,3%-ы құрағанын айтты. Соның ішінде, нақты сектордағы өсім 8,1%-ды құрады, қызметтер өндірісі 5,3% өсті.
Салалар арасында көлік қызметтері (өсім 21,2%-ға), құрылыс (14,9%-ға) және тау-кен өнеркәсібі (9,3%-ға) ең жоғары өсім көрсетті.
«Сауда 8,8%, өңдеу өнеркәсібі 6,2%, ауыл шаруашылығы 4,4% өсті. ЖІӨ өсімінің 70%-дан астамын өнеркәсіп, сауда және көлік салалары қамтамасыз етті», — деді Азамат Әмрин
Министр сондай-ақ негізгі капиталға салынған инвестициялар 13,5% өсіп, 13,8 трлн теңгені құрағанын айтты.
Сонымен қатар өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс 6,2% өсті. Вице-министр өсім 17 өңірде тіркелгенін атап өтті. Ең үлкен өсім Батыс Қазақстан (20,8%-ға), Солтүстік Қазақстан (19,3%-ға), Жамбыл (13,3%-ға) облыстарында, сондай-ақ Шымкент (17,6%-ға) және Алматы (15%-ға) қалаларында байқалады.
«Өңдеу өнеркәсібіндегі өсім машина жасаудағы өндірістің 14%, оның ішінде автокөлік өндірісіндегі 16,8%, тамақ өнімдерінде 9,8, химия өнеркәсібінде 9,6%, мұнай өңдеуде 7,5%, металл бұйымдарында 15,2% өсу есебінен қамтамасыз етілді», — деді Азамат Әмрин.