Мұнай Қазақстан экономикасының негізгі қозғаушы күші болудан қалды. Премьер-министр орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин осылай деді.
Оның айтуынша, қазіргі әлемдік конъюнктура тұрақсыз болып отыр және бұл инвестициялық белсенділікке әсер етуде.
«Бүгінгі таңда сыртқы жағдайлар, жұмсартып айтқанда, тұрақсыз. Әдетте тұрақсыздық кезінде инвестиция метрополияларға қайтады, біз мұны байқап отырмыз. Өткен жылдың қорытындысы бойынша алғаш рет инвестиция ағыны теріс болды. Бұл реинвестициялардың болмауына байланысты, 7,1 млрд доллар шетелге әкетілді», – деді ол Үкіметтегі баспасөз мәслихатында.
Вице-премьердің айтуынша, мұнай саласы қазір экономикалық өсудің негізгі көзі емес.
«Ұлттық экономика министрі ретінде айтарым, біз қазір қалыпты экономикалық өрлеу кезеңінде тұрмыз. Кен өндіру саласы өсіп келеді, оның ішінде мұнай өндіру көлемі де артуда, бірақ мұнай бағасы қазіргі таңда төмендеп кетті. Сондықтан ол бұрынғыдай драйвер емес. Экономиканың қазіргі даму драйвері – өңдеу өнеркәсібі. Бұл салада алғаш рет өсім 6,1%-ды құрады», – деп атап өтті Жұманғарин.
Экономиканы алға сүйреп отырған салалардың қатарында ол көлік пен қойма, құрылыс және ауыл шаруашылығын атады.
«Бүгінде құрылыс экономика драйвері болып отыр. Ең бастысы – ауыл шаруашылығы. Біз ұзақ уақыт бойы сынға алып келген және қазір де сыналып жүрген бұл сала қарқын алып келеді. Мен атап өткен көптеген салалар ауыл шаруашылығының жақсы жұмыс істеуінің арқасында дамуда», – деді министр.
Вице-премьер Үкімет нақты секторды дамытуға бағытталған экономикалық өсудің жаңа моделін әзірлеп жатқанын хабарлады.
Естеріңізге сала кетейік, Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2025 жылдың қаңтар–шілде айларында Қазақстанның жалпы ішкі өнімі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,3% өсті.
Негізгі өсім драйверлері
- Тауар өндірісі: +8,3%
- Қызмет көрсету саласы: +5,2% (көлік және сауда алда)
- Өнеркәсіп: +6,9%
Ең үлкен үлес қосқан салалар:
- Көлік және қойма: +22,5%
- Құрылыс: +18,5%
- Көтерме және бөлшек сауда: +8,6%
- Тау-кен өнеркәсібі: +8,5%
- Өңдеу өнеркәсібі: +6,1%