Мәжіліс отырысында депутат Магеррам Магеррамов Ұлттық экономика және Қаржы министрліктерінің вице-министрлеріне ит ұстауға салық енгізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
Оның пікірінше, бұл норма:
- ит иелерінің жауапкершілігін арттырады
- жергілікті бюджеттерді толықтыруға мүмкіндік береді
Депутат Наталья Дементьева да ұсынысты қолдап, шетел тәжірибесін мысалға келтірді. Оның айтуынша, Еуропада үй жануарын тіркемесе, чиптемесе, тастап кетсе немесе бас тартса айыппұл қарастырылған.
Ал ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков бұл бастаманы жұмыс тобы аясында қарастыруға дайын екенін айтты.
Қаржы вице-министрі Әсет Тұрыcов қазіргі таңда тек үй жануарларын есепке алу жүйесі бар екенін атап өтті. Оның сөзінше, салық енгізу мәселесі бұрын қаралмаған, бірақ министрлік оны талқылауға дайын.
Қорыта айтқанда, бастама әзірге ұсыныс деңгейінде. Соңғы шешім қабылданған жоқ.