Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов жаңа Салық кодексіне енгізген кейбір ұсыныстарын айтты. Қазіргі таңда ұсыныстар жұмыс тобы деңгейінде талқылануда.
1. Құмар ойындарға салынатын салықты көбейту.
Құмар ойын бизнесі, әсіресе букмекерлік кеңселер, айтарлықтай қаржылық әлеуетке ие. Қазіргі Салық кодексі жобасында салық мөлшері 10% деңгейінде қарастырылған. Иә, бұл қазіргі деңгейден бірнеше есе жоғары, бірақ депутаььао оны екі есе арттырып, 20%-ға дейін көтеруді ұсынды. Бұл бюджетке қосымша жүздеген миллиард теңге түсім әкелуі мүмкін.
2. Банктер үшін КТС мөлшерлемесін арттыру.
Үкімет жобасында банктер үшін корпоративті табыс салығы (КТС) 25% деңгейінде белгіленген. Бірақ біз бұл мөлшерлемені 30%-ға дейін көтеру ұсынылды. Қазір банк секторының пайдасы өте жоғары. Әсіресе, қаржылық қызметтердің қымбаттауы мен дивидендтердің бірнеше есе өсуін ескерсек. Бұл бюджетке қосымша табыс әкеледі.
3. Алкоголь және трансмайларға акциз енгізу.
Алкогольдік өнімдер бірінші қажеттілікке жатпайтын тауар болғандықтан, оған акциздерді арттыру қисынды деп санайды депутаттар.
Трансмайлар — арзан, бірақ өте зиянды, канцерогендік заттар. Оларды тамақ өнеркәсібінде кеңінен қолданады. Көптеген Еуропа елдерінің тәжірибесін ескере отырып, депутаттар трансмайларға акциз енгізуді ұсынды. Бұл олардың қолданылуын азайтуға және өндірушілерді табиғи майларға көшуге ынталандыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, бұл бюджетке қосымша табыс әкеледі.
4. Дәрі-дәрмектер мен медициналық қызметтерге ҚҚС енгізуге қарсы түзету.
Дәрі-дәрмектерге ҚҚС енгізу дұрыс емес, себебі бұл ең осал топтарға — зейнеткерлерге, балаларға және мүмкіндігі шектеулі жандарға тікелей әсер етеді. Олай болса, дәрі-дәрмектер бағасы айтарлықтай қымбаттайды. Депутаттар дәрі-дәрмектерді ҚҚС-тан босатуды көздейтін қолданыстағы норманы сақтап қалуды ұсынды.
Медициналық қызметтер. ҚҚС енгізу азаматтар үшін, әсіресе зейнеткерлер мен мүгедектер үшін емдеу құнын арттырады. Бұл жағдай қолжетімділігі шектеулі медициналық қызметтерді одан әрі қиындатады. Сонымен қатар, депутаттар медициналық қызметтер үшін КТС мөлшерлемесін төмендетуді ұсынды (қолданыстағы кодексте олар КТС төлемейді).
5. Банк операцияларына ҚҚС енгізуді болдырмау
Үкіметтің банктік аударымдар мен басқа да банк операцияларына ҚҚС енгізу ұсынысы ақылға қонымсыз. Қазірдің өзінде банктер арасындағы аударымдар құны, ҚҚС енгізіледі деген болжаммен, өсіп жатыр (мысалы, Халық банктің картасынан басқа банктерге аударым 150 теңгеден 200 теңгеге дейін қымбаттады). ҚҚС қосылса, бұл банктердің емес, қарапайым азаматтардың шығындарын одан әрі арттырады. Депутаттар бұл норманы қабылдамауды және негізгі қаржылық қызметтердің бағасының өсуіне жол бермеуді ұсынды.
6. Эндаумент қорларына қатысты түзетулер
Эндаумент қорлары әлеуметтік және білім беру саласындағы ұзақ мерзімді жобаларды қаржыландыруда маңызды рөл атқарады. Депутаттар қайырымдылыққа жұмсалған сомаларды салықтан босатуды ұсынды. Бұл азаматтар мен компанияларды қайырымдылыққа қатысуға ынталандырады.
7. B2B мәмілелеріне арнайы салық режимі бойынша мөлшерлемені өзгертпеу
Депутаттар мөлшерлемені 12%-дан 8%-ға дейін төмендетуді ұсынды. Бұл мәселе бизнестің пікірталастарында, соның ішінде Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палатаның мүшелерімен кездесулерде жиі көтерілді.
Шығындарды оңтайландыру.
Салықты көбейту шығындар құрылымын қайта қараусыз мүмкін емес. Егер бюджет кірісімен байланысты проблемалар айқын болса, басымдыққа ие емес шығындарды оңтайландыру логикалық қадам болады. Мемлекет басшысы бұл туралы бұған дейін де тапсырма берген.
Мемлекеттік органдарға әкімшілік ғимараттар салу, үлкен стадиондар мен концерт залдарын тұрғызу, имидждік шаралар мен форумдар өткізу шығындарын қысқарту қажет.
Бұл депутаттардың ұсыныстарының тек бір бөлігі ғана. Салықтық жеңілдіктерді қысқарту туралы және басқа да ұсыныстарымыз бар.