Қазақстан Парламенті депутаттары коммерциялық ұйымдарға, соның ішінде банктерге атауларында «халық» («народный», «халык») сөзін қолдануға заңмен тыйым салуды ұсындыПарламент депутаттары «Банктер және банк қызметі туралы» заңның 7-бабына түзету енгізуді ұсынды. Жаңа норма бойынша «Банк атауы мына талаптарға сай болуы тиіс: ұлттық, орталық, мемлекеттік, республикалық (қазіргі редакцияда бар) және халықтық, халық деген сөздерді толық немесе қысқартылған түрде, кез келген тілде қолдануға болмайды».

Депуттаттар «Халық» сөзі Қазақстан Республикасында ерекше құқықтық және символдық мәнге ие дейді.

«Қазақстан Республикасы Конституциясының 3-бабында: «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және егемендіктің иесі — халық» деп көрсетілген. Осыған сәйкес, «халықтық» термині бүкіл қоғамға тиесілі ұғымды білдіреді және жеке меншік субъектілерге қатысты болмауы тиіс», – деп жазды депутаттар.

Олардың сөзінше, жеке меншік құрылымның «халық» сөзін иеленуі жаңылыстырады. Бұл сөзді жеке коммерциялық ұйым — олигархқа тиесілі банк атауында пайдалану азаматтарда банк бүкіл халықтың мүддесін қорғайды немесе қоғамдық бақылауда деген жалған түсінік қалыптастырады. Бұл шындыққа жанаспайды.

«Халықтық» сөзі қоғам мүддесіне бағытталған, жария-құқықтық сипаттағы қызметті білдіреді. Оны жеке, олигархиялық банк атауында қолдану — адал бәсекелестік қағидаттарын бұзу, жалған жарнама жасау және тұтынушыны шатастыру ретінде бағалануы мүмкін», – деп жазды депутаттар.

Олардың сөзінше, көптеген елде «мемлекеттік», «ұлттық», «федералдық», «халықтық» сияқты сөздер тек мемлекеттік мекемелердің немесе қоғамдық меншіктегі ұйымдардың атауында ғана қолдануға рұқсат етіледі. Әлеуметтік-этикалық тұрғыдан жеке банктің атауында «халықтық» сөзін пайдалану қоғам алдында жалған әлеуметтік миссияның елесін тудырады. Ал жеке капиталдың шынайы мақсаты — пайда табу. Бұл жағдай азаматтардың қаржы жүйесіне деген сенімін әлсіретуі мүмкін; қоғамдық сананы манипуляциялау ретінде қабылданады; Конституциямен және мемлекеттілік ұғымымен байланысты «халықтық» сөзінің қадірін түсіреді.

«Банкке иелік ететін олигарх оның атауында «халықтық» сөзін қолдануға құқылы емес, өйткені бұл сөз Конституциялық мағынаға ие және биліктің бастауы — халыққа тиесілі; Оны жеке ұйымның атауында пайдалану азаматтарды адастыру және заңдағы атауға, бәсекеге және тұтынушы құқығын қорғауға қатысты талаптарды бұзу болып саналады; Халықаралық тәжірибе де мұндай сөздерді тек мемлекеттік немесе қоғамдық құрылымдарға қолдануға мүмкіндік береді», – дейді олар.