2024 жылдың қорытындысы бойынша, Қазақстанның денсаулық сақтау саласына салынған инвестиция көлемі 8,4% өсіп, шамамен 920 млн долларға жетті, оның үштен бірі жеке секторға тиесілі. Сонымен қатар фармацевтика саласына тартылған инвестиция көлемі 2 есеге жуық өсіп, 91,3 млн долларды құрады. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында жыл сайын отандық өндірістегі дәрілік заттардың үлесі артып келеді, 2029 жылға қарай ол 50%-ға жетеді деп жоспарлануда.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, соңғы 5 жылда Қазақстанда медициналық 784 нысан пайдалануға берілген. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 467 алғашқы медициналық-санитариялық көмек нысандарының құрылысы аяқталды. Соңғы онжылдықта өмір сүру көрсеткіші шамамен 3,5 жылға ұзарып, 75 жасты құрады.
Түркі мемлекеттері ұйымы денсаулық сақтау министрлерінің 5-ші кездесуінің нәтижесінде денсаулық сақтау мәселелері бойынша Түркі мемлекеттерінің ұйымы елдерінің декларациясына, Денсаулық сақтау саласындағы бірлескен іс-қимыл жоспарына, кадрлар даярлау, биологиялық қауіпсіздік бойынша ынтымақтастық туралы меморандумдарға және басқа да құжаттарға қол қойды.
Денсаулық сақтау министрлігінің түркі мемлекеттері ұйымына төрағалығы аясындағы халықаралық іс-шаралар шеңберінде Премьер-министр Олжас Бектеновтің ДДҰ Еуропалық өңірлік бюросының директоры Ханс Клюгемен екіжақты кездесуі өтті. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен ДДҰ арасында қол қойылған 2025-2030 жылдарға арналған ынтымақтастық туралы келісімнің маңыздылығы атап өтілді.