Былтыр жолаушылар тасымалынан 1,2 трлн теңге табыс түсті

Былтыр жолаушылар тасымалынан 1,2 трлн теңге табыс түсті

2024 жылдың қаңтар-желтоқсан аралығында Қазақстанда барлық көлік түрімен 1,7 млрд жолаушы тасымалданды, бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9,3% артық. Көлік тасымалынан түскен кірістер 1,2 трлн теңгені құрады. Жолаушылар айналымы 82,8 млрд ж-км жетті, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 13,8% артық.

Жолаушылардың басым бөлігі автомобиль және қалалық көлікпен (автобустар, троллейбустар, такси т.б.) тасымалданған. 2024 жылы бұл көлік түрлерімен 1,6 млрд жолаушы тасымалданған (жалпы көрсеткіштің 97,9%), бұл бір жыл бұрынғымен салыстырғанда 9,4% артық. Жолаушылар тасымалынан түскен кіріс 326,6 млрд теңге болды.

2024 жылы теміржол көлігімен 20,8 млн жолаушы тасымалданған, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 5,1% артық. Теміржол көлігімен жолаушылар тасымалынан түскен кіріс 117,6 млрд теңгені құрады.

Әуе көлігімен 14,6 млн жолаушы тасымалданған, бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,6% артық. Әуе тасымалынан түскен кіріс 818 млрд теңге болды.

Теңіз және жағалау көлігімен 101,1 мың жолаушы тасымалданған, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 2,5 есе көп. Бұл тасымалдардан түскен кіріс мөлшері 180,7 млн теңге болды.

Ішкі су көлігімен 231,1 мың жолаушы тасымалданды, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 90,9% артық. Мұндағы кіріс көлемі – 543,1 млн теңге.