Bolt Қазақстанға қайта оралады: Яндекс арзандауы тиіс

Bolt Қазақстанға қайта оралады: Яндекс арзандауы тиіс

Bolt такси қызметінің Қазақстанға қайта оралуы Yandex Go таксиін арзандатуы мүмкін, деп жазды InDrive негізін қалаушы әрі бас директоры Арсен Томский.

Оның айтуынша, Қазақстанда жаңа сервистердің пайда болуы дәстүрлі түрде нарықтағы көшбасшының агрессивті баға саясатына байланысты қиынға соғады:

«Біреу іске қосылғанда, Яндекс Go және/немесе Uber KZ-та бағаларды күрт төмендетеді, жүргізушілерге мол субсидия береді де, оларды өзіне байлап қояды. Бұл жаңа ойыншы үшін бастау процесін өте қиын етеді, соның салдарынан олар жұмысты тоқтатады. Кейін шығындарын өтеген соң Яндекс бағаларды бұрынғыдан да жоғары көтеруі мүмкін», — деді ол.

Томский мұндай тактиканың көптеген елдерде predatory pricing (жыртқыштық баға саясаты) ретінде танылатынын атап өтті. Ол Қазақстанның да антимонополиялық заңнамасына қайшы екенін, бірақ ең бастысы – осы нормалардың тәжірибеде қалай қолданылатыны екенін айтты.

Бағалық бәсекеден бөлек, InDrive басшысы басқа да кедергілерді атады:

  • таксопарктерге жаңа сервистермен жұмыс істеуге тыйым салу;
  • өз карталарына қолжетімділіктің болмауы;
  • Қазақстандағы Google Maps сапасының төмендігі.

«Жалпы монополия – халық үшін де, ел үшін де зиянды, әсіресе ол геосаяси тәуекелдермен қабаттасса. Билік 2–3 ірі сервис пен бірнеше шағын компания қатар жұмыс істейтіндей сау бәсекелестік жағдайын жасауы маңызды», — деп жазды ол.

Сондай-ақ, ол монополия нарықты әлсіз етеді, себебі ірі компаниялар үнемі акционерлер қысымында болады және пайда үшін бағаларды ойнақтата алады.

«Бәсекелестік бұл процестерді теңестіреді. Адамдар үшін әрқашан таңдау мүмкіндігінің болғаны жақсы», — деп түйіндеді InDrive басшысы.

Бұған дейін балтық елдерінің сервисі Bolt Қазақстанға орнығуға тырысқанымен, қытайлық DiDi сияқты, Yandex Go-мен қатаң бәсеке жағдайында қызметін тоқтатқан еді.

Кеше ҚР көлік министрі Нұрлан Сауранбаев компанияның қайта оралатынын мәлімдеді: алдымен электросамокат прокатынан басталып, кейін такси қызметін іске қоспақ.