Бөлшек салықтың арнайы салық режиміне жататын қызмет түрлерінің тізбегі бекітілді.

Тізбеге негізінен жеке тұлғалар үшін тауарларды сатуға және қызметтер көрсетуге бағытталған 190 қызмет түрі кіреді (бөлшек сауда, автомобильдер, киім-кешек пен жиһазды жөндеу, ағаш өңдеу, сырлау және сылақ жұмыстары, жолаушы тасымалы, сондай-ақ қоғамдық тамақтану және т.б.).

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ретінде бизнес арнайы салық режимін жаппай қолдана алуы үшін біз осы тізбеге барынша көп қызметті қосуға тырыстық. Біз экономикалық қыметтің жалпы жіктеушінің 682  кодын қосу туралы ұсыныс жібердік. Олардың 190-ын ғана қалдырды. Негізінен сауда, тамақтану, такси және жөндеу қызметтері кірді. Олардың барлығы Үкіметтің қаулысымен бекітілген», – деді «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов.

Бөлшек салықты заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер көрсетілген тізбеден қызметтің бір немесе бірнеше түрімен айналысқан жағдайда қолдануға құқылы. Бөлшек салық жеке тұлғаларға сатылған кезде 4% және заңды тұлғалармен мәмілелер үшін 8% мөлшерлеме бойынша төленеді. Бұл ретте жергілікті мәслихаттарға бөлшек салық мөлшерлемесін төмендету құқығы берілген, бірақ жеке тұлғаларға сатылатын қызметтер мен тауарлар үшін 50%-дан аспайды.

Сондай-ақ, бөлшек салықты қолданатын кәсіпкерлер жұмысшылардың табысынан бірыңғай төлем төлей алады.

Бөлшек салықтың арнайы салық режиміне жататын қызмет түрлерінің толық тізімімен мына жерден танысуға болады.