2026 жылдың алғашқы алты айында қазақстандық кәсіпорындардың шамамен 145,5 млн теңге көлеміндегі шығындары мемлекет тарапынан өтелді. Бұл туралы «QazIndustry» қазақстандық индустрия және экспорт орталығы хабарлады.
Орталықтың мәліметінше, өтелген қаражаттың негізгі бөлігі – шамамен 144 млн теңге – еңбек өнімділігін арттыруға бағытталған шығындарға жұмсалған. Атап айтқанда, технологиялық процестерді жетілдіру, жаңа өндірістік жабдықтарды сатып алу, қызметкерлердің біліктілігін арттыру, өндірісті ұйымдастырудың тиімділігін күшейту және цифрлық технологияларды енгізуге кеткен шығындар өтелген.
Мемлекеттік қолдауды машина жасау, жеңіл өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік кешен, құрылыс материалдарын, пластмасса және резеңке бұйымдарын өндіретін кәсіпорындар пайдаланған.
Сонымен қатар кәсіпкерлердің халықаралық сертификаттау, өнімдерді зертханалық сынақтан өткізу және міндетті таңбалауға қажетті жабдықтарды, оның ішінде аяқ киім өнеркәсібіне арналған бағдарламалық қамтамасыз етуді сатып алуға жұмсаған шығындары да ішінара өтеледі.
QazIndustry бағдарламасы аясында кәсіпкерлердің белгілі бір бағыттардағы шығындарының 40%-дан 50%-ға дейінгі бөлігі өтеледі.
Өткен жылы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі өнеркәсіпті мемлекеттік қолдау тетіктерін кеңейткен болатын. Соның нәтижесінде қазақстандық өндірушілер басымдық берілетін тауарларды ел ішінде теміржол арқылы тасымалдауға кеткен шығындарының 50%-ын өтей алады. Бұған қоса, халықаралық сертификаттау шығындарын өтеу көлемі бес есеге ұлғайтылды.