Биылдыққа үй бағасы қай қалада қаншалықты өсті?

Биылдыққа үй бағасы қай қалада қаншалықты өсті?

Бір жылда (2024 жылғы қараша 2023 жылғы қарашаға) жаңа тұрғын үйлердің және қолданыстағы пәтерлердің бағасы 3,4% өсті. Абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу төлемі өткен жылғы тиісті аймен салыстырғанда 2024 жылғы қарашада 7% жоғарылады.

Өңірлер бөлінісінде жаңа салынған үйлер нарығында жылдық мәнде баға Ақтөбе қаласында – 11%, Көкшетау қаласында – 10,1%, Тараз қаласында 10% едәуір қымбаттады. Қолданыстағы үйлер нарығында баға өсімінің лидері – Атырау (16,7%), Астана, Көкшетау қалалары (9,8%-дан), тұрғын үйді жалға алу нарығында – Орал (24,2%), Шымкент (24,1%), Талдықорған (20,8%) және Петропавл қалалары (20,5%).

Бір айдың ішінде (2024 жылғы қараша 2024 жылғы қазанға) жаңа тұрғын үйді сату, пәтерлерді қайта сату, абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу төлемі 0,4% жоғарылады.

2024 жылғы қараша айында тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша 39 421 мәміле тіркелген, оның ішінде жеке үйлер бойынша 8 165 және көппәтерлі үйлердегі пәтерлер бойынша 31 256 мәміле жасалды. 2024 жылдың қазанымен салыстырғанда (39 143) тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны 0,7% өсті. Мәмілелер саны бойынша Алматы (7 533 – 19,1%) және Астана (6 968 – 17,7%) қалалары, сонымен қатар, Қарағанды облысы (2 995 – 7,6%) көш бастап тұр. Мәмілелер саны Ұлытау облысында ең аз – 491 мәміле (1,2%).

2024 жылдың қазанымен салыстырғанда қарашада ең көп өсім Павлодар (+18,5%), Түркістан (+15,9%) және Алматы (+15,2%) облыстарында тіркелді. Ал бір айдағы ең үлкен төмендеу Абай (-20,0%), Қызылорда (-16,1%) және Шығыс Қазақстан (-12,5%) облыстарында болды.

2024 жылдың қазанымен салыстырғанда, көппәтерлі үйлердегі тұрғын үй мәмілелер саны 2,6% (803 мәмілеге) көбейді. 2024 жылдың қараша айында пәтерлер бойынша барлығы 31 256 мәміле жасалды, бұл мәмілелердің жалпы санының 79,3%-ы. Көппәтерлі үйлердегі тұрғын үй саудасының негізгі үлесі Алматы (22,3%), Астана (21,9%) қалаларына және Қарағанды облысына (8,3%) тиесілі. Бөлмелер саны бойынша 2 бөлмелі пәтерлер сатылымы басым болды, 2024 жылдың қараша айында олар бойынша 11 881 мәміле ресімделген.

2024 жылдың қазан айымен салыстырғанда, 2024 жылдың қарашасында жеке тұрғын үйлер бойынша мәмілелер саны 6% (525 мәмілеге) азайған. Қарашада барлығы 8 165 мәміле тіркелген. Жеке тұрғын үйлер бойынша мәмілелер санының ең көп өсімі Қызылорда (+15,7%), Батыс Қазақстан (+9,5%) және Маңғыстау (+7,9%) облыстарында байқалды. Ал бір айдағы ең үлкен төмендеу Ұлытау (-38,3%), Павлодар (-33,1%) және Шығыс Қазақстан (-23,1%) облыстарында орын алды.

2024 жылғы қарашада тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелері былтырғы тиісті айымен салыстырғанда 24,3% көбейген, ол кезде 31 727 мәміле ресімделген болатын. Мәмілелер санының ең жоғарғы өсімі Батыс Қазақстан облысында (56,7%) байқалады, ең үлкен төмендеу – Қызылорда облысында (-9,3%). 2024 жылдың қаңтар-қараша айларындағы мәмілелер санын 2023 жылғы қаңтар-қараша айларындағы мәмілелер санымен салыстырғанда 15,1% өсім байқалады.