Биыл үш тоқсанда АХҚО қатысушылары 41,3 млрд теңге салық төледі

Биыл үш тоқсанда АХҚО қатысушылары 41,3 млрд теңге салық төледі

АХҚО алаңы арқылы тартылған инвестициялардың көлемі 2024 жылы: 3,1 млрд АҚШ долларын құрады, оның ішінде 2,1 млрд доллар – Astana International Exchange биржасындағы портфельдік инвестициялар және 1 млрд доллар – АХҚО қатысушыларының инвестициялары. АХҚО жұмыс істеген барлық жылдар ішінде 14 млрд АҚШ доллары (6,7 млрд доллар – портфельдік инвестициялар, 7,3 млрд доллар – АХҚО қатысушыларының инвестициялары) тартылды.

«Қаржы орталығы ашылғаннан бері біз өңірге инвестициялар тартуға жәрдемдесу үшін қажетті жағдайлар мен инфрақұрылымды, сондай-ақ инвесторлар үшін қолайлы әрі түсінікті ортаның қалыптасуына берік негіз жасадық. Биыл біз назарымызды құрылған платформаларды тиімді дамытуға аудардық. AIX-те сауда-саттық көлемі екі есе өсті, юрисдикциямызға ірі компаниялар келді, алғашқы жергілікті сукук листингтен өтті, инвестициялық қорлардың көлемі өсті, бірнеше криптобиржа толық реттеуші режимге шықты, орталықтың құқықтық базасы жетілдірілді. Биылғы жылдың нәтижелері еліміздің қаржы саласын одан әрі дамытудың іргетасын қалыптастырады», — дейді «Астана» халықаралық қаржы орталығының Басқарушысы Ренат Бектұров.

  • АХҚО Прага, Варшава, Ыстамбул, Будапешт және т.б. сияқты қалаларды басып озып, Орталық Азия мен Шығыс Еуропа өңірінде (Global Financial Centres Index36 рейтингіне сәйкес) көшбасшылықты жалғастыруда.
  • Smart Сentres Index10 зияткерлік орталықтардың рейтингінде Астана қаласы өз позициясын жақсартып, Шығыс Еуропа мен Орталық Азия өңірінде 2-орынға ие болды.
  • Astana International Exchange биржасында ұлттық тасымалдаушы Air Astana компаниясы IPO-сының өткізілуі Қазақстанның қор нарығы үшін маңызды оқиға болды. Air Astana-ны орналастыру кезінде AIX биржасы Қазақстанда алғаш рет жергілікті инвесторларға пре-маркетте (conditional trading) ерте сауда жасауға мүмкіндік берді. Бұл отандық қор нарығы үшін инновация, бұл жаңашылдық қазақстандықтарға Лондон қор биржасында шетелдік инвесторлармен бір мезгілде өз биржамызда сауда жасауға мүмкіндік берді.
  • Түркі мемлекеттері ұйымының саммиті аясында бес мүше мемлекет хатшылығы АХҚО базасында болатын Жасыл қаржы жөніндегі түркі кеңесін құру туралы меморандумға қол қойды.
  • Орта дәліз жобасы бойынша АХҚО алаңында «Самұрық-Қазына» қоры мен Azerbaijan Investment Holding бірлесіп құрған «SK-AIH Investment Fund Ltd.» қоры ашылды. Оның мақсаты – Қазақстан мен Әзірбайжан экономикасының түрлі секторларына, оның ішінде Транскаспий халықаралық көлік бағдары бойынша инвестициялар тарту.
  • COP29 халықаралық конференциясының аясында АХҚО AIX базасында көміртегі платформасын дамыту жоспарларын ұсынды, мұнда  қор нарығының классикалық құралдарымен қатар экологиялық құралдар саудаланатын болады.
  • Биыл АХҚО креативті индустрия саласындағы бизнесті қолдау алаңына айналды. АХҚО-ның «Венчурлық студиялар туралы» қағидалары қабылданды, ол венчурлық компанияларды құру және стартаптарды қолдауға қатысты құқықтық айқындылықты белгілеуге арналған заңнамалық база болмақ. АХҚО юрисдикциясында бірнеше венчурлық компания табысты жұмыс істеуде: 17 желтоқсанда АХҚО юрисдикциясында басқарушы компания – Qazaqstan Venture Group Ltd. тіркелді, бұған дейін Alphabet Venture Studio Ltd. алғашқы венчурлық студия тіркелген еді.  
  • Креативті контент авторларының құқықтарын қорғауды күшейтуге және қамтамасыз етуге арналған «Зияткерлік меншік туралы» АХҚО актісі шығарылды.
  • Дербес деректерді қорғау және жасанды интеллектті пайдалану жөніндегі нұсқаулық жарияланды. Сондай-ақ, деректерді қорғау жөніндегі құқықтық базаны жетілдіру мақсатында АХҚО Құпиялылық мәселелері жөніндегі дүниежүзілік ассамблеяның (Global Privacy Assembly, GPA) мүшесі атанды.
  • Қатысушы компанияларға қаржы орталығының қызметі туралы өзекті ақпаратты жедел ұсынуға арналған жаңа бастама – AIFC Community іске қосылды.
  • АХҚО алаңында топ-менеджерлерді, компания иелерін, прогрессивті бизнес-көшбасшылар мен нарық инвесторларын біріктіретін AIFC Business League қауымдастығын құрды.

 Бір жыл ішінде АХҚО-да 1100-ден астам жаңа қатысушы компания тіркелді, ал өткен жылы олардың саны 600-ден асқан еді. Барлығы 85, соның ішінде АҚШ, Ұлыбритания, Қытай, Түркия, Сингапур және т.б. елден 3500-ден астам компания тіркелді. 2024 жылы тіркелген компаниялар арасында қаржы компанияларының үлесі 36%-ды құрады. Ақпарат және байланыс саласы – 10%, кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет – 8%, тау-кен өнеркәсібі – 8%, қосалқы қызмет көрсетушілер – 1%, көтерме және бөлшек сауда компаниялары – 18%, ал қалған 19% басқа қаржылық емес секторларға тиесілі.

АХҚО юрисдикциясында қорларды әкімшілендіру қызметтерін ұсынатын алғашқы жаһандық компания атанған Amicorp компаниялар тобының кеңсесі, Euronews және Telegram топтарының, KTZ Express («Қазақстан темір жолы» еншілес компаниясы) бірлескен кәсіпорны, International Maritime Investments Ltd. (Abu Dhabi Ports Company еншілес компаниясы, БАӘ) өңірлік кеңселері кеңселері ашылды.  

АХҚО юрисдикциясына Люксембургтен Kaz Minerals және Кипрден Fix Price Group PLC компаниясын қоса алғанда, басқа юрисдикциялардан төрт компанияның редомициляциясы өтті.

Биыл үш тоқсанының қорытындысы бойынша АХҚО қатысушылары Қазақстан бюджетіне 41,3 млрд теңге сомасына салық төледі, бұл өткен жылмен салыстырғанда 4,3 млрд теңгеге артық. Қаржы орталығы қызметінің бүкіл кезеңінде 126,5 млрд теңге салық төленді. Сонымен қатар, АХҚО экожүйесінде 2 353 жұмыс орны құрылып, жалпы саны 9 600-ге жетті.

АХҚО әкімшілігінің сарапшылары Қазақстандағы қорларды басқару, Орталық Азиядағы орнықты қаржыландыру, Қазақстандағы исламдық қаржыландыру нарығы, коммерциялық жылжымайтын мүлік және REIT нарығының перспективалары, Қазақстанның тау-кен өндіру және көлік-логистика салалары және т.б. тақырыптар жөнінде сегіз есеп шығарды. 

АХҚО-ның Tech Hub орталығы инновациялар саласын дамытушы ретінде жұмысын жалғастыруда. Мәселен, Tech Hub White Hill Capital компаниясына MENA аймағындағы стартаптарды ауқымдауға бағытталған акселерациялық бағдарламаны дайындауда қолдау көрсетті. Бағдарламаға қатысуға 10 елден 200-ден астам стартаптан өтінім келіп түсті, олардың 15-і Сауд Арабиясында акселерацияның соңғы кезеңінен өтуге мүмкіндік алды.