Қазақстанда 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында 45,7 млн тонна мұнай өндірілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 91,6% ғана. Яғни өндіріс көлемі 3,3 млн тоннаға азайды.
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, өндірістегі артта қалушылықты азайту үшін мұнай компанияларымен өндіру көлемін ұлғайту жөнінде келіссөздер жүргізіліп жатыр.
Сонымен қатар, Қашаған кен орнындағы жоспарлы жөндеу жұмыстары кейінге шегерілді. Бұл шешім өндірістегі шығынды 2 млн тоннаға дейін өтеуге мүмкіндік береді.
«Қазіргі таңда ел бойынша жалпы өндіріс шығынын 4,9 млн тоннадан 3,3 млн тоннаға дейін қысқартуға қол жеткіздік. 2026 жылдың қорытындысы бойынша мұнай өндіру көлемі 98 млн тонна болады деп болжанып отыр», – деді министр.
Министрдің сөзінше, биыл мұнай өңдеу көрсеткіші де өткен жылмен салыстырғанда төмен. Алты айда 8,98 млн тонна мұнай өңделді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көлемнің 97,9%-на тең. Ал 2026 жылға жоспарланған жалпы мұнай өңдеу көлемі 18,2 млн тонна.