2024 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасының сақтандыру секторында 24 сақтандыру ұйымы бар, оның 9-ы – өмірді сақтандыру бойынша.
2024 жылғы қазанның қорытындысы бойынша сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының активтері негізінен сақтандыру қызметі бойынша кірістің өсуі нәтижесінде 2,5%, 2,9 трлн теңгеге дейін ұлғайды (2024 жылдың басынан бері 16,2% өсім).
2024 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша активтер құрылымында ең көп үлес бағалы қағаздарға – 75,3% (2,2 трлн теңге), екінші деңгейдегі банктердегі ақшалай қаражат пен салымдарға – 5,1% (147 млрд теңге), сақтандыру дебиторлық берешекке – 1,8% (131 млрд теңге) тиесілі.
Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының міндеттемелері сақтандыру резервтерінің өсуі нәтижесінде 2024 жылғы қазанда 2,8%, 2,0 трлн теңгеге дейін ұлғайды (2024 жылдың басынан бері 24,8% өсім).
Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының меншікті капиталы негізінен сақтандыру қызметінен алынған пайда есебінен 2024 жылғы қазанда 1,7% немесе 15,6 млрд теңгеге 914 млрд теңгеге дейін ұлғайды (2024 жылдың басынан бері 1,1% өсім).
2024 жылғы қазанда сақтандыру нарығы бойынша таза пайда сақтандыру және инвестициялық қызметтен алынған кірістер есебінен 20,5 млрд теңге болды (2024 жылдың басынан бері – 177,1 млрд теңге).
2024 жылғы қазанда жеке және заңды тұлғалар бойынша жасалған сақтандыру шарттарының саны 2 095 мың шартты құрады, бұл 2024 жылдың алдыңғы айымен салыстырғанда 3,8% көп. 2024 жылдың басынан бері жеке және заңды тұлғалар бойынша жасалған сақтандыру шарттарының саны 18,9 млн шартты құрады, бұл 2023 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 36,3% артық. Негізгі өсім жазатайым оқиғалардан сақтандыру (4,5 млн шарт, 159,5% өсім) және өмірді сақтандыру (470,4 мың шарт, 18,6% өсім) бойынша шарттарға тиесілі.
2024 жылғы қазанда сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттары бойынша қабылданған сақтандыру сыйлықақылары 127,2 млрд теңгені құрады. 2024 жылдың басынан бері сақтандыру сыйлықақылары 1,2 трлн теңгені құрады, бұл 2023 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 52,4% көп. Көрсетілген кезеңдер үшін сақтандыру сыйлықақылары көлемінің ұлғаюы жасалатын сақтандыру шарттары санының өсу үрдісіне сәйкес келеді және елде сақтандыруға, әсіресе сақтандырудың ерікті түрлеріне сұраныстың ұлғайғанын көрсетеді.
Сақтандыру сыйлықақыларының өсуінің негізгі драйвері ерікті жеке сақтандыру сыныбы болып табылады, ол бойынша сақтандыру сыйлықақыларының көлемі 2024 жылдың 10 айында 626,1 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 126,1% көп, негізінен, жазатайым оқиғалардан сақтандыру бойынша және зейнетақы аннуитеттік сақтандыру бойынша сыйлықақылардың ұлғаюына байланысты.
Ерікті мүліктік сақтандыру бойынша сақтандыру сыйлықақылары ағымдағы жылдың басынан бері 378,3 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 5,7% көп, осу, негізінен, мүлікті залалдан сақтандыру бойынша жиналған сыйлықақылар сомасының ұлғаюына байланысты (18,3%).
Міндетті сақтандыру бойынша жыл басынан бері 206,4 млрд теңге сомаға сақтандыру сыйлықақылары жиналды, бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 29,4% артық. Ұлғаю, негізінен, қызметкерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру туралы заңның шеңберінде жүзеге асырылатын ерікті жеке аннуитеттік сақтандырумен сақтандырудың осы сыныбын біріктіруді ескере отырып, қызметкерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру бойынша (66,6%-ға) орын алды.
2024 жылғы қазанда сақтандыру төлемдері 33,0 млрд теңгені құрады. 2024 жылдың басынан бері сақтандыру төлемдері 266,7 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 24,1% көп. Өсу, негізінен, қызметкерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру бойынша сақтандыру төлемдерінің ұлғаюына байланысты, бұл 2024 жылы аталған сақтандыру сыныбының шеңберінде зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлерге жаңа арнайы әлеуметтік төлемдердің енгізілуімен байланысты.