2026 жылдың бірінші жартыжылдығында республикалық бюджеттің трансферттерді есептемегендегі кірістері 8,5 трлн теңгені құрап, жоспар 100,6% орындалды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,7 трлн теңгеге немесе 24,6% көп. Бұл туралы Үкімет отырысында Қаржы министрінің міндетін атқарушы Ержан Біржанов мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, салықтық түсімдер 8,3 трлн теңгеге жетіп, жоспар 100,3% орындалған. Бір жыл ішінде олардың көлемі 1,9 трлн теңгеге немесе 29%-дан астамға өсті.
Кірістердің артуына қолайлы сыртқы экономикалық жағдай, салық базасының кеңеюі, сыртқы сауда көлемінің ұлғаюы, сондай-ақ салық және кедендік әкімшілендірудің жетілдірілуі әсер еткен.
Есепті кезеңде бұған дейін тіркелмеген 546 мыңға жуық жеке тұлғаның қызметі заңдастырылды. Соның нәтижесінде өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды қоса есептегенде, елдегі бизнес субъектілерінің саны 2,9 млн-ға жетіп, жыл басынан бері 499 мыңнан астамға артты.
Сонымен қатар қосылған құн салығын (ҚҚС) төлеушілер саны 158,2 мыңға дейін көбейді.
Кедендік төлемдер көлемі 2,4 трлн теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңінен 400 млрд теңгеден астамға жоғары болды.
Бірінші жартыжылдықта мемлекеттік бюджет шығыны 98,2%, ал республикалық бюджет шығыны 99,6% орындалды.