Энергетика министрлігі кеңейтілген алқаотырысы барысында отын-энергетика кешенінің негізгі көрсеткіштері бойынша 2024 жылдың қорытындысын шығарады:
- Мұнай өндіру: 87,7 млн тонна
- Мұнай өңдеу: 17,9 млн тонна
- Мұнай өнімдерін өндіру: 14,5 млн тонна
- Газ өндіру: 59 млрд м³.
- СМГ өндірісі: 3 млн тонна
- Мұнай-газ-химиясы өндірісі: 540 мың тонна
- Электр энергия өндірісі: 117,9 млрд кВт/сағ.
- ЖЭК өндірісі: 7,58 млрд кВт/сағ.
2024 жылы Қазақстанда 87,7 млн тонна мұнай өндірілді. Жоспармен салыстырғанда шамалы төмендеу «Теңіз» және «Қашаған» ірі кен орындарындағы жөндеу жұмыстарымен, сондай-ақ халықаралық келісімдерге байланысты уақытша шектеулермен түсіндіріледі.
2025 жылы 96,2 млн тонна мұнай өндіру жоспарланып отыр. Өндіру, ең алдымен «Теңіз» кен орнында кеңейту жобасының арқасында өседі деп күтіледі, ол жылдың бірінші жартысында іске қосылуға тиіс. Сондай-ақ «Қарашығанақта» және Каспий шельфi қайраңында («Қаламқас-Теңіз» және «Хазар») жұмыстар жалғасып жатыр.
2024 жылы Қазақстан 68,6 млн тонна мұнай экспорттады. 2025 жылы 70,5 млн тонна экспорттау жоспарланып отыр. Қазақстандық мұнайдың негізгі сатып алушылары – оны КҚК, «Атырау-Самара» және «Атасу-Алашанькоу» құбырлары, сондай-ақ Ақтау порты арқылы алатын елдер.
2024 жылы Қазақстанда 17,9 млн тонна мұнай өңделіп, 14,5 млн тонна мұнай өнімдері өндірілді. 2025 жылы жоспарлар шамамен бірдей.
«Қазірдің өзінде 2025 жылы Шымкент МӨЗ қуатын екі есеге – жылына 6 млн тоннадан 12 млн тоннаға дейін ұлғайту жөніндегі жоба үшін техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеу кезеңіне көшу туралы шешім қабылданатын болады. Сондай-ақ Энергетика министрлігі, «ҚазМұнайГаз» және CNPC арасында осы жоба бойынша негіздемелік келісімге қол қойылады», — деді ҚР Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев.
Сонымен қатар битум өндіру бойынша «Caspi Bitum» зауытының қуатын арттыру жалғасады. Жоспарда мұнай өңдеуді дамытудың 2040 жылға дейінгі тұжырымдамасын қабылдау, сондай-ақ Павлодар және Атырау МӨЗ жоспарлы жөндеу жұмыстарын жүргізу бар.
2024 жылы Қазақстанда 59 млрд м3 газ өндірілді. 2025 жылы өндірісті 62,8 млрд м3 дейін ұлғайту жоспарланып отыр.
Өсіп келе жатқан газ сұранысын қанағаттандыру үшін Қашаған мен Жаңаөзен қалаларында жаңа газ өңдеу зауыттарының құрылысы жүргізіліп жатыр. Жамбыл облысында жаңа «Барханная» кен орны пайдалануға беріледі.
Қазақстан халқының 61,8%-ы газға қол жеткізді. 2025 жылы газ тарату желісін одан әрі кеңейту жоспарланып отыр. Бірқатар ірі газ құбырларының құрылысы аяқталып жатыр. 2024 жылы Ақтөбе, Алматы және Маңғыстау облыстарында газ құбырларының жаңа учаскелері пайдалануға берілді.
Былтыр сондай-ақ 540 мың тонна мұнай-газ-химия өнімі өндірілді, ал 2025 жылы бұл көрсеткішті 550 мың тоннаға дейін арттыру жоспарланып отыр.