Бюджеттің 38,7%-ы әлеуметтік салаға жұмсалады

Бюджеттің 38,7%-ы әлеуметтік салаға жұмсалады

Үкіметте алдағы үш жылдық кезеңге арналған республикалық бюджеттің жобасы қаралады.

«2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заң жобасы Үкімет отырысында ұсынылды. Қаржы министрі Мәди Такиев еліміздің бас қаржы құжатының негізгі параметрлері туралы баяндады.

Оның айтуынша, 2026 жылы кірістер 23,1 трлн теңгені құрап, 2028 жылға қарай 27,6 трлн теңгеге дейін артады, шығын – 27,7 трлн теңгені құрайды. Бюджет тапшылығы 2026 жылғы жалпы ішкі өнімнің 2,5%-нан 2028 жылға қарай жалпы ішкі өнімнің 0,9%-на дейін кезең-кезеңімен төмендетіледі. Министр бюджет ұзақ уақыт ішінде алғаш рет Ұлттық қордан нысаналы трансферттерді пайдаланбай теңдестірілгенін атап өтті.

Бұл ретте ол экономиканың нақты секторын мемлекеттік қолдаудың айтарлықтай ұлғаюымен әлеуметтік бағдарланған күйінде қалып отыр. 

«Шығындарды оңтайландыру және басымдық беру бойынша жұмыс жүргізілді. Оңтайландырылған қаражат нақты секторға бағытталды. Экономиканың өсуін ынталандыратын шығыстар 10,9% - дан 16,1%-ға дейін ұлғайып, 4,470 трлн теңгені құрады», — деп атап өтті Мәди Такиев.

Шығынның негізгі үлесі – 38,7% немесе 10,7 трлн теңге, дәстүрлі түрде әлеуметтік салаға бағытталған.

Экономиканың нақты секторын қолдауға арналған шығыстар 3,6 трлн теңгені құрайды. Оның ішінде агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға 732 млрд теңге, көлік инфрақұрылымына – 855 млрд теңге бағытталатын болады. Республикалық жолдарды салуға тағы 580 млрд теңге мемлекеттік кепілдіктер тетігі арқылы тарту жоспарлануда. Күштік блок шығын 3 трлн теңгеден астам қаржы көзделген.