Ұлттық экономика министрлігі жанындағы Қоғамдық кеңестің үшінші отырысы барысында 2024 жылғы қорытынды бойынша кредиттерді субсидиялау арқылы жеңілдетілген қаржыландыру шарасымен жалпы сомасы 1 трлн теңгеге 17 мыңнан астам бизнес жоба қамтылғаны белгілі болды.
Кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау және қорғау департаменті директорының орынбасары Саламат Оңалбековтың айтуынша, 310 млрд теңгеге 8 мың жобаға кепілдік берілген. 2025 жылы қолдау бағдарламаларын іске асыруға 271,1 млрд теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен 196,4 млрд теңге, жергілікті бюджеттен 74,7 млрд теңге бағыттау жоспарлануда.
Қолдау тапқан жобалар саны бойынша Алматы, Астана, Шымкент, сондай-ақ Алматы, Түркістан және Ақтөбе облыстары көш басында. Ең үлкен үлес өңдеу өнеркәсібіне, көлік пен қоймаға және білімге тиесілі.
2024 жылы қаржысыз қолдау көрсету жалғасты. Кәсіпкерлерге 135 мыңнан астам кеңес беріліп, 15 мың сервистік қызмет көрсетілді.