Халықтың өзара пайызбен қарызға ақша алмасуы кеңінен таралған. Бұл қаншалықты заңды? Нарық сауалына Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жауап берді.

Азаматтық кодекстің 715-бабына сәйкес, заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің азаматтарға қарызға ақша беруіне тыйым салынған.

«Бұл ретте жеке тұлғаның басқа жеке тұлғаға қарызға ақша беруіне заңнама тыйым салмайды және ҚР АК 725-1-бабында белгіленген талаптарды ескере отырып, тараптар белгілеген тәртіппен тіркеусіз, лицензиясыз, хабарлама жіберусіз өтеулі негізде жүзеге асырылуы мүмкін», — деп жауап берді ҚНРДА Нарық редакциясына.

ҚР АК-нің 725-1-бабында қарыз алушы – жеке тұлғамен жасалатын қарыз шартының ерекшеліктері, оның ішінде сыйақының шекті мөлшерлемесі көзделген.

Агенттіктің мәліметінше, жеке тұлғалар арасында жасалған сыйақы мөлшері туралы қарыз шартының талаптарын тараптар дербес айқындайды.

Қорыта айтқанда, компаниялар азаматтарға мүлде қарыз бере алмайды, ал бір адамның екінші біреуге пайызбен де, пайызсыз да қарыз беруіне және қанша пайызбен беретініне ешқандай тыйым жоқ.