Beeline Астанада деректер орталығын салады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев VEON компаниялар тобының бас атқарушы директоры Мухтерем Каан Терзиоглумен кездесті.

Қасым-Жомарт Тоқаев компания басшылығын заманауи деректерді өңдеу инфрақұрылымын дамытуға, есептеу жүйелері нысандарын салуға және бұлтты сервистерді кеңейтуге белсенді атсалысуға шақырды.

Мухтерем Каан Терзиоглуның айтуынша, компания алдағы үш жылда елдегі бизнес көлемін екі есе ұлғайтып, экономикаға қосымша 1 млрд доллар инвестиция құюды көздеп отыр.

Сондай-ақ VEON «Цифрлық Қазақстан» бастамасын іске асыруға қызығушылық танытып отырғанын жеткізді. Бұдан бөлек, Beeline Kazakhstan Астанада деректерді өңдеу орталығын (Data Center) салу мүмкіндігін қарастырып жатыр.