ҚР Ұлттық Банкі базалық мөлшерлемені 16,5%-ға көтерді. Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/-1 п.т. дәлізімен 16,5% деңгейінде белгіледі. Бұл шешім инфляцияның үдеуіне және экономикалық тәуекелдердің артуына байланысты қабылданды.
Айта кету керек, ақпанда жылдық инфляция 9,4%-ға жетіп, халықтың инфляциялық күтулері 13,7%-ға дейін өсті. Фискалдық ынталандыру мен тұтынушылық кредиттеудің артуы ішкі сұранысты күшейтіп отыр. Сонымен қатар, Ресейдегі инфляцияның жеделдеуі сыртқы қысымды арттырады.
Алайда 2024 жылғы желтоқсаннан бастап біршама төмендегеніне қарамастан, әлемдегі азық-түлік бағасы әлі де жоғары деңгейде. Қазіргі уақытта бағаның жаһандық өсуі орнықты болып отыр. Инфляциялық және геосаяси тәуекелдер сақталуда және олар орталық банктердің қатаң ақша-кредит саясаты мен риторикасына негіз болды.
2025-2027 жылдарға арналған инфляция болжамы көтерілді:
- 2025 ж. – 10-12%
- 2026 ж. – 9-11%
- 2027 ж. – 5,5-7,5%
Базалық мөлшерлеме бойынша қазіргі шешім болашақта базалық мөлшерлемені одан ары жоғары көтеруге қажеттілігін болдырмау үшін қабылданады. Бұл инфляцияны орта мерзімді келешекте таргетке қарай орнықты түрде төмендеу траекториясына қайтаруға ықпал ететін болады.
Төмен инфляцияға қол жеткізу, әлеуметтік экономикалық тұрақтылықты, қаржы секторының тұрақтылығын қамтамасыз ету инвестицияларды тарту, экономиканың тұрақты және сапалы өсуі үшін негіз болады.
Экономикалық өсім 2025-2026 жылдары 4,2-5,2% деңгейінде болжануда. Базалық мөлшерлеменің қазіргі деңгейі инфляцияны бақылауға алып, теңгедегі активтерге сенімділікті қолдауға бағытталған.
Келесі шешім 11 сәуірде жарияланады.