Бас прокуратура жанынан Активтерді қайтару жөніндегі қызмет құрылды. Қызметтің құрылымы мен штаттық санын Бас Прокурор бекітеді. Бұл туралы Бас прокурордың бұйрығында айтылған.
Қызметтің құрамы:
- Мониторинг, талдау және тексеру басқармасы;
- Активтерді қайтару шаралары жөніндегі басқарма;
- Бас Прокурордың аға көмекшісі (ұйымдастыру-бақылау жұмысы);
- Бас Прокурордың көмекшісі (халықаралық байланыстар жөніндегі).
Қызметтің міндеттері:
- Заңсыз иемденілген активтерді анықтау және мемлекетке қайтару;
- Заңсыз иемденілген, оның ішінде шетелге шығарылған активтерді мемлекетке қайтаруға бағытталған шараларды іске асыру;
- Активтерді қайтару бойынша халықаралық-құқықтық ынтымақтастықты дамыту;
- Өзге де міндеттерді жүзеге асыру.
Айта кетсек, Қазақстанның Бас прокуратурасының 2025 жылдың қорытындысы бойынша кеңейтілген отырысында қадағалау органының басшысы Берік Асылов Активтерді қайтару жөніндегі комитеттің Инвесторлардың құқығын қорғау комитеті болып қайта құрылғанын мәлімдеген еді. Оның айтуынша, жаңа орган отандық болсын, шетелдік болсын «әрбір инвестор үшін құқықтық қалқанға» айналады.