Қазақстанда жүздеген мың адам жылдар бойы өз саяжайында көкөніс пен жеміс-жидек өсіріп келеді. Олар тек өз отбасын ғана емес, жергілікті базарларды да табиғи өніммен қамтамасыз етіп отыр.
Біреулер үшін бұл — жай хобби. Басқалар үшін — күнкөрістің жолы. Ал кейбіреулерге — табыс көзі әрі өмір салтының бір бөлігі.
Осы орайда, депутат Асхат Аймағамбетов саяжай иелерінің негізгі мәселелері атады. Көптеген саяжай алқаптарында инфрақұрылым нашар дамыған:
- тұрақты суару жүйесі жоқ,
- жолдар тозған,
- қоқыс уақтылы шығарылмайды.
Жергілікті әкімдіктер бұл мәселелерді шеше алмай отыр, себебі заңда олардың нақты өкілеттігі мен жауапкершілігі көрсетілмеген.
Бақша серіктестіктерінің құқықтық мәртебесі заңмен нақты айқындалмаған.
Кооперативтердің жұмысы ашық жүргізілмейді, құқықтары мен міндеттері түсініксіз.
Депутаттың пікірінше, азаматтардан жиі түсетін сұрақтар:
- Саяжай учаскелеріне салынатын салық мөлшері тым жоғары
- Су мен электр энергиясының тарифтері қымбат
- Ірі шаруашылықтарға арналған субсидиялар мен жеңілдіктер саяжайшыларға қолжетімсіз
- Жазда саяжайларда тұратын зейнеткерлерге жедел жәрдем қызметі сирек жетеді.
«Біз, бір топ депутаттар, «Бақша серіктестіктеріне қолдау көрсету туралы» заң жобасын әзірледік. Бұл бағытта үлкен жұмысты депутат Құдайберген Бексұлтанов атқарды. Мақсатымыз – саяжай шаруашылығын шағын ауыл шаруашылығының бір бөлігі ретінде заңмен мойындап, оны дамытуға нақты қолдау көрсету», — дейді ол.
Оның сөзінше, саяжай иелерін қолдау —
- мыңдаған отбасы үшін табыс көзі мен тұрақты еңбек,
- балалар мен немерелерге еңбекке баулу мектебі,
- елдің азық-түлік қауіпсіздігіне нақты үлес.