Мәжіліс бірқатар заңға Сенат ұсынған жаңа редакциямен келісті. Олар:
- Құрылыс кодексі және оған сәулет, қала құрылысы және құрылыс мәселелері бойынша ілеспе түзетулер;
- банктер және банк қызметі туралы заң мен оған қаржы нарығын реттеу мен дамыту, байланыс және банкроттық мәселелері бойынша ілеспе түзетулер;
- цифрландыру, көлік және кәсіпкерлік саласында өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң.
Түзетулер нақтылау сипатында және Мәжіліс қабылдаған заңдардың тұжырымдамасын өзгертпейді.
Айта кетейік, Сенат «Банктер және банк қызметі туралы» заңды Мәжіліске кері қайтарған. Салыстырмалы кестеде 16 түзету көрсетілген.
Сенатор Амангелді Нұғманов банктерге тым қатаң талаптар қою несие алу мүмкіндігін қиындатып жіберуі мүмкін екенін айтқан. Сонымен қатар реттеуді шамадан тыс қатаңдату несие ресурстарының қолжетімділігін төмендетіп, инвестициялық белсенділіктің әлсіреуіне және экономиканың нақты секторына қаржы ағынының азаюына әкеп соғуы мүмкін екенін мәлімдеген.
Депутаттың сөзінше, маңызды мәселелер бойынша сарапшылар мен мемлекеттік органдардан нақты жауап алынбаған. Сондықтан банктерге бақылауды күшейту олардың тұрақты жұмысына және жалпы экономиканың дамуына кедергі келтірмеуі үшін заңды пысықтау қажет.