2024 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша негізінен банктердің несие портфелінің 3,7%, 34 998 млрд теңгеге дейін және өтімділігі жоғары активтердің 2,6%, 18 168 млрд теңгеге дейін (жиынтық активтердің 30,7%-ы) өсуі есебінен банк секторының активтері 2024 жылғы қарашада 1,3% немесе 748 млрд теңгеге ұлғайып, 59,2 трлн теңгені құрады (2024 жылғы 11 айда 15,1% немесе 7 767 млрд теңге өсім).
Банк секторының міндеттемелері 2024 жылғы қарашада негізінен жеке тұлғалардың қысқа мерзімді салымдарының өсуі есебінен 1,0%, 50,5 трлн теңгеге дейін ұлғайды (2024 жылдың басынан бастап 13,3% немесе 5,9 трлн теңге өсім). Банк секторы міндеттемелерінің құрылымында негізінен банктердің жиынтық міндеттемелерінің 78,7%-ын немесе 39,8 трлн теңгені құрайтын клиенттердің салымдары бар.
Банктердің меншікті капиталы 2024 жылғы қарашада 2,8%, 8,7 трлн теңгеге дейін негізінен қарыздар мен бағалы қағаздар бойынша пайыздық кірістердің, сондай-ақ дилингтік операциялар бойынша кірістердің ұлғаюы есебінен бөлінбеген таза пайданың ұлғаюы нәтижесінде ұлғайды (2024 жылдың басынан бастап 26,6% немесе 1,8 трлн теңге өсім). 2024 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша негізгі капиталдың жеткіліктілік коэффициенті (к1) 20,3% (01.01.2024 ж. – 19,2%), меншікті капиталдың жеткіліктілік коэффициенті (к2) – 22,0% (01.01.2024 ж. - 21,5%) құрады, бұл заңнамада белгіленген нормативтерден едәуір асып түседі және банк секторындағы әлеуетті тәуекелдерді өтеуді қамтамасыз етеді.
2024 жылғы қаңтар-қарашада банктердің таза пайдасы 2,3 трлн теңгені құрады, бұл 2023 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 16,3% артық. Банк активтерінің рентабельділігі (ROA) 2024 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша 4,6%-ды (01.12.2023ж. – 4,7%), капиталдың рентабельділігі (ROE) – 32,7%-ды (01.12.2023ж. – 36,7%) құрады.