Банктер бес айда 1,1 трлн теңге таза пайда тапты

Банктер бес айда 1,1 трлн теңге таза пайда тапты

Банк секторының активі 2025 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша негізінен банктердің несие портфелінің 1,7%, 37,9 трлн теңгеге өсуі есебінен биыл мамырда 1,2% (2025 жылдың басынан бері 2,9% өсім) ұлғайып, 63,4 трлн теңгені құрады.

Банктердің меншікті капиталы 2025 жылғы мамырда негізінен бөлінбеген таза пайданың ұлғаюы нәтижесінде 0,5%, 9,1 трлн теңгеге дейін ұлғайды (2025 жылдың басынан бері 2,1% өсім). 2025 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша негізгі капиталдың жеткіліктілік коэффициенті (к1) 19,3%-ды (01.01.2025ж. – 20,4%), меншікті капиталдың жеткіліктілік коэффициенті (к2) 20,8%-ды (01.01.2025ж. – 22,0%) құрады, бұл заңнамада белгіленген нормативтерден едәуір асып түседі және банк секторындағы әлеуетті тәуекелдерді өтеуді қамтамасыз етеді.

2025 жылғы қаңтар-мамырда банктердің таза пайдасы 1,1 трлн теңгені құрады, бұл 2024 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 17,2% көп. Банк активтерінің рентабельділігі (ROA) 2025 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 4,6%-ды (01.05.2025ж. жағдай бойынша – 4,6%), капитал рентабельділігі (ROE) 31,6%-ды (01.05.2025ж. жағдай бойынша – 31,6%) құрады.

Банк секторының міндеттемелері 2025 жылғы мамырда негізінен клиенттер салымдарының 0,8% және «РЕПО» операцияларының 24% ұлғаюы есебінен 1,3%, 54,3 трлн теңгеге дейін ұлғайды (2025 жылдың басынан 3,1% өсім). Банк секторы міндеттемелерінің құрылымында клиенттердің салымдары басым түседі  – 80% немесе 43,4 трлн теңге.