Биылғы III тоқсанда телекоммуникация саласындағы ірі бизнестің (байланыс операторлары мен интернет-провайдерлер) рентабелділігі 40,3%-ды құрады. Бұл көрсеткіш салық салынғанға дейінгі пайданың қызмет көрсету өзіндік құны мен өндірістік емес шығындарға пайыздық қатынасын білдіреді. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, бұл — басқа салалардағы ірі кәсіпорындардың орташа көрсеткішінен екі есе көп. Бұл туралы Data Hub арнасы жазды.
Бұл сегмент қатарынан үш тоқсан бойы жақсы нәтиже көрсетіп келеді — осы уақыт ішінде рентабелділік деңгейі психологиялық тұрғыдан маңызды 35% межесінен төмендеген емес. Тіпті I тоқсанда 2015 жылдан бергі бақылау тарихындағы ең жоғары көрсеткіш — 60% тіркелген болатын.
Жалпы алғанда, ірі телеком-компаниялардың рентабелділік динамикасы құбылмалы. Мысалы, 2024 жылдың IV тоқсанында, дәл осы жоғары деңгейге көтерілер алдында, көрсеткіш -1,5% (яғни шығын) болған еді. Дегенмен, 2020 жылдан бері 30%-дан жоғары көрсеткіштер жиі байқала бастады.
Кейінгі үш тоқсандағы мұндай жақсы жағдай өзіндік құнның жоғары болуына қарамастан, өндірістік емес шығындардың азаюымен байланысты. Пайда көлеміне келер болсақ, ол да айтарлықтай қомақты:
I тоқсан қорытындысы бойынша — 196 млрд теңге (тарихи максимум);
II тоқсан бойынша — 150 млрд теңге;
III тоқсан бойынша — 116 млрд теңге.
2025 жылғы 1 қазандағы мәлімет бойынша, Қазақстанда «телекоммуникация» саласында жұмыс істейтін 14 ірі кәсіпорын бар. Бұл компаниялар дауыстық ақпарат, мәтін, дыбыстық сигнал немесе кескін беру/қабылдау және басқа да ілеспе қызметтермен айналысады.
Статистика бюросы ірі кәсіпорындардың қаржылық қызметін жаппай зерттеу әдісімен жүргізеді. Жұмысшыларының саны 250 адамнан асатын ұйымдар ірі кәсіпорын саналады. Білім беру, денсаулық сақтау мекемелері, банктер, сақтандыру ұйымдары, БЖЗҚ мен қоғамдық қорлар бұл статистикалық есепке кірмейді.
Айта кетсек, Қазақстандықтар 2026 жылдың басында мобильді байланыс пен интернет тарифтерінің қымбаттауына дайын болуы керек. Байланыс операторлары тарифтерді шамамен 15–20% көтеру мүмкіндігін қарастырып жатыр. Себебі — электр энергиясы, импорттық жабдықтар құнының өсуі және қосылған құн салығының көтерілуі. Елдің ірі байланыс операторлары тарифтерді қайта қарау жоспары туралы үкіметтегі брифингте айтты.
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жаңа салық заңнамасына сәйкес Қазақстанда қосылған құн салығының (ҚҚС) мөлшерлемесі 12%-дан 16%-ға дейін өседі. Осыған орай Beeline тариф қымбаттайтынын хабарлады.
Жалпы, былтыр ұялы байланыс нарығы құлдырап кетті.